Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданындағы мектептің жаңа оқу жылындағы алғашқы қоңырауы көпшіліктің таңданысын тудырды.
Бұл – Жетібай ауылында орналасқан Жамбыл бастауыш мектебі. Желіде тараған видеодан байқағанымыздай, алғашқы қоңырауға бар болғаны 15 оқушы қатысқан. Ал ресми деректерге сүйенсек, бұл мектепте 6 мұғалім жұмыс істейді.
Бейнежазбадан мектеп ғимаратының ескіргені, іргетасының мүжіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны анық көрінеді. Мектеп ауласында жол салынбаған, инфрақұрылымы да көңіл көншітпейді. Бұл жағдайды көрген желі қолданушылары түрлі пікір білдіруде: «Африкада да бұндай мектеп жоқ шығар», «Ауыл молдасы сабақ өткізе ме?», «Алты жасар Алпамыстың кезінен қалған мектеп пе?» деген сынды сыни жазбалар көптеп тарады.
2021 жылғы ресми ақпарат бойынша, ауыл халқының саны – 281 адам. Ал бұл мектеп 1984 жылы салынған. Содан бері 40 жыл өтсе де, ғимарат күрделі жөндеуден өтпеген. Мұғалімдер өз күшімен қабырғаларын әктеп, мектепті таза ұстауға тырысуда.
Ауыл балаларының күнделікті көретіні – ескі терезелер, жабылмайтын есіктер, үгітілген іргетас пен тар сыныптар. Соған қарамастан, ауыл тұрғындары биліктен көмек күтіп, жағдайдың жақсаруына үміт артып отыр.