Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет жоғары және кәсіби білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында кешенді шараларды қолға алды. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — тікелей қаржыландыру көлемінің едәуір артуы. Мәселен, биылғы оқу жылына 93 мыңнан астам грант бөлініп, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 50 пайызға көп.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, білім беру гранттарынан бөлек, студенттерге көрсетілетін материалдық қолдау да айтарлықтай күшейтілген. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бакалавриат деңгейіндегі шәкіртақы 20%-ға, ал магистратура мен докторантурада оқитындардың шәкіртақысы 15%-ға артты.
Отбасыларды қолдауға бағытталған «Келешек» жинақ жүйесі мен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы сынды жаңа ұзақмерзімді құралдар балаға ерте жастан білім қорын жинауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге инфрақұрылымдық мәселелер де шешімін табуда: 2018 жылдан бері елімізде 62 мың орынға арналған 251 жаңа студенттер үйі бой көтерді.
Бұл бастамалар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында сұранысқа ие кадрларды сапалы даярлау мен жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға бағытталған.
— Академиялық инфрақұрылым қарқынды дамып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 10 мың жатақхана орны пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде 10 мыңнан аса төсек-орынға арналған 29 жатақхана іске қосылады. Осылайша, Алматыны қоспағанда, барлық өңірлерде жатақхана мәселесі шешімін тапты. Бұған қоса, елімізде Student Residence үлгісіндегі заманауи, жайлы жатақханалар салынуда. Ал 2023 жылдан бастап әлеуметтік осал топтардағы жастар үшін жатақханада тұру шығындарын өтеу тәжірибесі енгізілді. Бұл — өте маңызды қадам, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.