Президенттің ғылымды экономикалық өсімнің негізгі тетігіне айналдыру туралы тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұл бағытта нақты шаралар қабылдап жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылыми қауымдастықты қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Министрдің мәліметінше, соңғы бірнеше жыл ішінде ғылым саласын қаржыландыру көлемі 3,3 есеге артқан. Бұл қаржылай өсім 809 отандық ғалымның шетелдің үздік ғылыми мекемелерінде тағылымдамадан өтуіне және зертханалардың материалдық-техникалық базасын едәуір жаңартуға жол ашты.
Ғылым саласында тиімді экожүйе қалыптастыру мақсатында Президент жанынан Ұлттық ғылым академиясы мен Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды. Бұған қоса, зерттеулерді нақты экономикалық қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік беретін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.
Ғалымдарды қолдау шараларының ішінде олардың жалақысын 18%-ға арттыру және ғылыми дәрежелер үшін төленетін үстемақыларды көбейту көзделген.
Өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға да айрықша көңіл бөлінуде. Инновациялық жобаларға инвестиция салған кәсіпорындар үшін 150 пайыздық салықтық жеңілдік енгізілді. Сонымен қатар, нақты сектормен бірлесіп жүзеге асатын жобалардың үлесін 2025 жылға дейін 20%-ға жеткізу жоспарда бар. Бұл ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру мен еліміздің технологиялық тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
«Қазіргі таңда еліміздегі ғалымдар ірі өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Өткен жылы осындай форматта тоғыз кездесу өтті, оған 400-ден астам маман қатысты. Нәтижесінде Қазақмыс, ERG, Қазатомөнеркәсіп, Қармет, Қазмырыш секілді жетекші кәсіпорындармен бірлесіп 100-ден аса ғылыми мәселе анықталып, 10 нақты ғылыми жоба бекітілді», – деді министр Саясат Нұрбек.