Жақында өзімнің тәжірибемнен бір оқиға болды. Біліктілігіне сеніп, ұқыпты, байсалды, оқушымен қарым-қатынасы дұрыс бір мұғалімді жаңа жұмыс орныма шақырған едім. Қабылданып, лайықты сағат пен сынып жетекшілігін де алды. Бірақ көп ұзамай маған мынадай мазмұндағы хат келді:
“Кішкене болса да ұмтылысы жоқ балалармен маған қиын, күнде тәрбиесімен айналысқым келмейді. Бұрынғыдай мектепке деген құлшынысым жоқ, жыл ортасында кетіп сізді де ұятқа қалдырғым келмейді”.
Сол сәтте менің жүрегімде бір ой бекіді: мұғалім-жай ғана пәндік ақпарат жеткізуші емес. Мұғалім-бала болмысын қалыптастырушы, елге қызмет ететін тұлғаны тәрбиелеуші.
Бақташы тек су құйып қана қоймайды, гүлдің артық жерін қырқып, көркін ашып, әр талға жүрекпен көңіл бөледі. Сол секілді ұстаз да тек сабақ түсіндірумен шектелмей, әр баланың бойындағы үміт ұшқынын жандыра білуі керек.
Өкінішке қарай, кейбір ұстаздар білім алуға ынтасы жоқ, бос кеңістікте жүрген балалармен жұмыс істегісі келмей, бойын аулақ ұстайды. Бірақ шын мәнінде, дәл сондай балаларға тәрбие, бағыт, қолдау көбірек қажет. Өйткені олардың ойын тазартып, болашағына бағдаршам болу мұғалім мен ата-ананың ортақ міндеті.
Мамандық таңдауда бұрылыс жасаған әр адамның өз жолы бар, оған түсіністікпен қарауға болады. Бірақ ұстаздықты таңдаған жан үшін ең ауыр қателік-оқушыны тәрбиесіз қалдыру. Себебі пән үйрету-уақытша, ал мінез қалыптастыру-мәңгілік ізі бар іс.
Сондықтан қоғамдағы әр мұғалімге ой салғым келеді:
Нағыз мұғалімнің миссиясы-білім ғана емес, патриоттық рух, жалындаған жігер, сенім мен арманды бала бойына сіңіру.
Әр оқушы – бір үміт. Сол үмітке селқос қарамай, жүрекпен тәрбиелеу – ең үлкен жауапкершілік.
Раман Байбатша