2525-09-04

Ауылдағы алаяқтық: 3,7 миллиардты жымқырған білім бөлімінің басшысы 10 жылға сотталды

Түркістан облысында Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Олар мемлекет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, білім бөлімі қызметкерлері 3,7 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Сот шешімімен бөлім басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал есепші мамандардың көбі 7 жыл мерзімге сотталды.

Түркістан облыстық сотының өкілі Дәурен Мадалиевтің айтуынша, қылмыстық жолмен табылған мүлік мемлекет меншігіне тәркіленді. Олардың қатарында бірнеше пәтер мен үй, жиырмаға жуық жылжымайтын және жылжымалы мүлік бар. Сонымен қатар, сотталғандардың бірі иелік еткен алтын бұйымдар дүкені де мемлекетке қайтарылды.

Дегенмен барлық күдіктілер түрмеге қамалған жоқ. Бір айыпталушы шығынды толық өтегені үшін жазадан босатылса, жасы 62-ден асқан үш адам рақымшылыққа ілігіп, бостандықты шектеу жазасына кесілді. Тағы екі адамға қатысты үкім олардың кәмелетке толмаған балалары болғандықтан кейінге шегерілді – олар жазаларын бес жылдан кейін өтейді. Ал сот процесі басталмай тұрып, бір есепші қайтыс болған.

Айыпталғандардың туыстары сот үкіміне наразылық танытып отыр. Сотталғандардың бірінің жары Құдайберген Маханов айыпты жоққа шығарып, апелляцияға шағым түсіретінін мәлімдеді.

«Сот шешімімен келіспеймін. Жанында жүрген адаммын – соншама қаржы алғанын көрген жоқпын. Ештеңе алған жоқ. Бар болғаны бөлім басшысы болды. Бұл — жала», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар