1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Маңғыстау облысында бес жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Оның төртеуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында, біреуі демеушілердің қолдауымен салынған.
Соның бірі – Бейнеу ауданы Сам ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жаңа оқу ордаларының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мектептер шалғай ауылдардағы балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Сам ауылындағы мектепте қазіргі таңда 151 оқушы білім алып, 40 педагог жұмыс істейді. Мектеп 27 оқу кабинетімен, арнайы пән сыныптарымен, спорт және акт залдарымен, кітапхана, асхана, медициналық пункт және мұражаймен жабдықталған.
Сондай-ақ жаңа оқу жылы алдында:
-
Ақтауда – 300 орындық,
-
Мұнайлы ауданында – 1200 орындық,
-
Бейнеу ауылында – 600 орындық,
-
Түпқараған ауданында – 1200 орындық мектептер ашылды.
Жаңа мектептердің іске қосылуы үш ауысымды оқыту мен апатты мектеп мәселесін шешуге сеп болды.
Қазір Маңғыстау облысында 157 мектеп жұмыс істеп тұр. 213 мыңнан астам оқушы білім алуда, оның 19 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Жыл соңына дейін тағы бес мектеп ашылмақ.