Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл мектептерін дамыту мәселелері қаралды. Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім сапасын арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагог кадрларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев ауыл мектептерін қолдау туралы ақпарат берді. Өңір әкімдерінің де есептері тыңдалды.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мектептердің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, бұл елдегі оқушылардың 40%-ын қамтиды. 2022 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 135 мектеп жаңартылып, 4665 пән кабинеті жабдықталған. 2025 жылға қарай тағы 56 білім беру ұйымы жаңартылып, 1935 кабинет ашылады.
Олжас Бектенов ауыл мектептерінің дамуын мемлекеттік саясаттың басым бағыты деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027 жылға дейін 180 жаңа мектеп салу жоспарланған. Биылдың өзінде 42 ауыл мектебі пайдалануға берілді, ал соңғы үш жылда 2,5 мыңнан астам мектеп жаңғыртылған. Қазіргі таңда 800-ден астам мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал 4 мыңнан астам пән кабинеті сатып алынған.
Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мектептерді жаңарту бойынша бірыңғай талаптар әзірлеуді және жыл соңына дейін өңірлерге ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ ауылдық жерлерге педагогтерді тарту үшін бірқатар ынталандыру тетіктері қарастырылған: жалақыға 25% үстеме, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге жеңілдетілген несие беру.
Жекеменшік және қоғамдық сектор тарапынан атқарылып жатқан бастамалар да ерекше атап өтілді. Мәселен, «Білім-инновация» қоры Алматы облысындағы 42 ауыл мектебінде білім сапасын арттыру жобасын жүзеге асырса, Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қорының 1,8 млрд теңгелік қолдауымен тірек мектептер жаңартылып, олардың тәжірибелі мұғалімдері шағын жинақталған мектептердің оқушыларына сабақ береді. Үкімет басшысы осы тәжірибені негізге ала отырып, 2025 жылдың соңына дейін кемінде 200 тірек мектеп құруды тапсырды.
Отырыс барысында үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептерге де назар аударылды. Үш ауысымды мектептердің 57%-ы, ал апатты мектептердің 76%-ы ауылдарда орналасқан. Олар көбіне Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында. Олжас Бектенов қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайту, әсіресе математика, физика және шет тілдері пәндері бойынша маман тапшылығын жою керектігін айтты.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын ашу, түрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімділігін арттыру тапсырылды.