2525-09-04

Әрбір оныншы мектеп басшысыз: СҚО-да 44 директор қажет!

Солтүстік Қазақстан облысында мұғалімдер мен мектеп директорлары жетіспейді.

Солтүстік Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектептерінде қазіргі таңда 11 600 педагог еңбек етуде. Алдын ала деректерге сәйкес, білім беру саласында 985 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде 675 орын ауыл мектептеріне тиесілі, деп хабарлайды Pedagog-KZ сайтына сүйенген Qazaqstan Media.

Білікті мұғалімдермен қатар, өңірде мектеп директорларына да сұраныс жоғары. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, аймақтағы әрбір оныншы мектеп басшылықсыз жұмыс істеп отыр.

— СҚО-да жалпы 444 мектеп бар. Қазіргі уақытта олардың 44-інде директор жоқ. Бұл мәселені шешу мақсатында «Білім берудің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеуден өткен педагогтарды осы бос орындарға тарту ұсынылуда, — деді басқарма басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.

Педагог тапшылығын азайту үшін облыс биыл жоғары және арнаулы оқу орындарының түлектеріне үміт артып отыр.

— Биыл өңірдегі университетті 493 жас маман тәмамдап, мұғалім дипломын алды. Сонымен қатар М. Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжден 432 студент түлеп шықты. Енді осы кадрларды нақты қажеттілікке қарай орналастырып, жұмысқа тұру үдерісін бақылауға алу жоспарланып отыр, — деді ол.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 74 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттамақ.

Соңғы жаңалықтар