Қазақстан мектептерінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау енді алдын ала ескертусіз жүргізілетін болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептер мен балабақшаларда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерістері көбіне ресми сипатта өтіп, нақты бақылау жасалмай келеді.
Бүгінгі күні білім беру мекемелеріндегі санитарлық тексерулер алдын ала келісіліп, жоспар бойынша өтеді. Депутаттың сөзінше, кейде мектеп директорлары кінәлі болмаса да, өз құзыретінен тыс мәселелер үшін айыппұл арқалаған жағдайлар болған. Мысалы, егер мектепте үш ауысымды оқу енгізілсе немесе бір сыныптағы оқушылар саны рұқсат етілген межеден асып кетсе, бұл үшін мектеп әкімшілігін кінәлау әділетсіз, өйткені олар бұл мәселеге ықпал ете алмайды.
«Балалардың амандығы мен қауіпсіздігі – тек ата-аналар емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс – жай бақылау шарасы емес, бұл – ұлттың болашағын қорғаудың маңызды тетігі», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау өңірінде орын алған оқушылардың жаппай улану оқиғасынан соң, Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханаларында тамақтандыру ісіне қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту туралы шешім қабылдаған болатын.
Аталған жаңа ережелер балалар мекемелерінің мәртебесін көтеруге, тексерулердің объективтілігін арттыру үшін алдын ала ескертуді алып тастауға, сондай-ақ санитарлық талаптардың орындалуын нақты бағалау мақсатында мониторингтік іссапарлар енгізуге бағытталған.