Павлодар облысында дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бастау алды. Биылғы жылы бұл бастама аясында 12 мыңнан астам оқушыға материалдық көмек көрсетіледі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, көмекке мұқтаж оқушылардың көбі көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан.
— Акция аясында бірнеше негізгі бағытта жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету мен қайырымдылық шараларын ұйымдастыру қолға алынады. Демеушілердің көмегімен оқушыларға мектепке қажетті киім-кешек, аяқ киім, портфель, кеңсе заттары мен оқу құралдары сатып алынуда. Жергілікті білім бөлімдерінің әлеуметтік қорғау қызметкерлері мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, мектептермен бірлесіп нақты көмек қажет ететін балаларды анықтайды, — деді облыстық білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Самал Әлімова.
Сонымен қатар, акция шеңберінде мамандар рейдтер өткізіп, базарлар маңында арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырады. Бұл жәрмеңкелерде мектепке керек-жарақтар дүкен бағасына қарағанда әлдеқайда арзан ұсынылады.