2525-05-06

Қазақстандық оқушылар Балқан математикалық олимпиадасынан жүлделі оралды

Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен Балқан халықаралық математикалық олимпиадасы (BMO) өз мәресіне жетті. Олимпиадаға 22 елдің оқушылары қатысты.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, барлық қатысушысы жүлдемен оралды – үш күміс және үш қола медаль. Бұл 100 пайыздық жетістік саналады.

Жеңімпаздар тізімі:

Күміс медаль иегерлері:

  • Амир Сахипов — Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы;

  • Марғұлан Шарел — Астанадағы Spectrum мектебінің 11-сынып оқушысы;

  • Элдар Үсенов — Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы.

Қола медаль иегерлері:

  • Дамир Нұрланов — Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

  • Әмірлан Аманжолов — Алматыдағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы;

  • Бердібек Орынбасар — Атырау облысындағы №1 «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Күміс жүлде алған Марғұлан Шарел бұл олимпиаданы шілде айында Аустралияның Квинсленд қаласында өтетін халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO) дайындықтағы маңызды белес деп атады. Ол ел үкіметіне, ұстаздарына және жаттықтырушыларына алғыс білдірді.

Ұлттық құраманы дайындаған жаттықтырушылар – Асылбек Исахов пен Мұхтар Қабақ.

Айта кетейік, бұл – қазақстандық оқушылар үшін қатарынан екінші мәрте жоғары нәтиже көрсеткен халықаралық дода. 2024 жылы да Қазақстан үздік үштікке енген болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР