2525-05-06

Атырауда сабаққа қатыспаған оқушы арнаулы мектепке жіберілді

Атырау қаласында 15 жастағы оқушы биылғы қаңтар айынан бастап бірнеше мәрте мектепке себепсіз бармаған. Бұл жағдай жасөспірімнің заңды өкіліне бірнеше рет әкімшілік шара қолдануға себеп болған.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімнің тәртібі бойынша сот шешімі қабылданған.

– Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2010 жылы туған жасөспірімді девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру мекемесіне орналастыру туралы азаматтық істі қарады. Оқушы 2025 жылдың қаңтар айынан бастап бірнеше рет сабаққа қатыспаған. Оның ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 127 және 442-баптары бойынша бірнеше рет әкімшілік айыппұл салынды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Профилактикалық шаралар нәтиже бермеген соң, мәселе Атырау қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына шығарылған.

– Комиссия жасөспірімді девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымына жіберу туралы шешім қабылдады. Сот ішкі істер органдарының талап-арызын қанағаттандырып, оқушыны 6 ай мерзімге Алматы қаласындағы арнаулы мектепке орналастыру туралы шешім шығарды, – делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР