2525-04-26

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі

Қазақстан мектептерінде оқушыларды тамақтандыру жүйесі жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елдегі барлық білім беру ұйымдарында мектеп асханалары жаңартылған стандарт бойынша жұмыс істей бастайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін берген тапсырмаларында 1,7 миллионнан астам оқушыны қамтып отырған тегін мектеп тағамдарының сапасын жақсарту қажеттігін атап өткен болатын.

— Біз балаларға сапасыз және арзан өнімдер ұсынуға жол бере алмаймыз. Олардың денсаулығы – елдің болашағы. Халықаралық стандарттарға сай дұрыс тамақтану жас ұрпақтың физикалық және зияткерлік дамуына тікелей әсер етеді, — деген еді Мемлекет басшысы.

Ақмарал Әлназарованың сөзінше, бұл реформа Денсаулық сақтау министрлігі үшін басым бағыттардың бірі. Білім министрлігімен, отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, ғылыми негізделген жаңа тамақтану стандарттары әзірленген. Бұл стандарттар балалардың денсаулығы мен оқу үлгерімін жақсартуға бағытталған.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, жаңа талаптарды қатаң сақтау арқылы келесі нәтижелерге қол жеткізуге болады:

  • балалар арасындағы семіздік деңгейін 10–15%-ға төмендету;

  • II типті қант диабеті көрсеткішін 10–20%-ға азайту;

  • қан қысымының жоғарылау жағдайларын 8–18%-ға төмендету;

  • басқа созылмалы ауруларды 5–15%-ға азайту;

  • зейін мен үлгерімді арттыру.

Министр мектеп асханаларындағы санитарлық жағдайлар мен тағам қауіпсіздігін бақылау да күшейтілетінін айтты. Енді тексерулер туралы алдын ала хабарланбайды, ал асханаларға тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Бұл бұзушылықтарды жедел анықтап, уақтылы шара қабылдауға мүмкіндік береді.

— Біз бұл бастаманы балаларымыздың болашағы үшін қолға алып отырмыз. Сондықтан барлық білім беру ұйымдарының басшыларын жаңа стандарттарды жауапкершілікпен орындауға шақырамыз, — деді министр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР