Соңғы жылдары Шалқар қаласында ағылшын тілін меңгеруге ниетті оқушылардың қатары артып келеді. Бұл бағыттағы білімге деген қызығушылықтың артуына «Akzer_english» оқу орталығы зор үлес қосып отыр. Өткен жылы аталмыш орталықтың оқушылары Түркияда өткен жарыстан жүлделі орын алып қайтса, биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тапты.
Жуырда Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында ағылшын тілі мен менталды арифметикадан өткен халықаралық байқауда Шалқарлық дарынды оқушылар биіктен көрінді. Атап айтқанда, №8 орта мектептің оқушылары Аяна Аманжолова – І орын, Раян Әнес – ІІ орын иеленді. Ал ІІІ орынға №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Альбатыр Қамбар, №1 мектеп-гимназиясынан Сезім Сүндетбай және тағы да №8 мектептен Ақеркем Жадырасын ие болды.
– Бұл халықаралық додада оқушыларымыз Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің үздік білімпаздарымен бақ сынасты. Байқау барысында олар жаңа достар тауып, түрлі елдердің мәдениетімен танысып, ой-өрістерін кеңейтіп қайтты. Әр елдің өкілдері таныстырылғанда олардың мемлекеттік әнұраны шырқалып, ерекше ілтипат көрсетілді. Біздің шәкірттер де сол сәтте бір толқып қалғанымен, өздеріне артылған сенімді ақтап, лайықты нәтиже көрсетті, – дейді «Akzer_english» оқу орталығының жетекшісі Ақзер Сүгіралина.
Жетістіктің негізінде ұстаздың еңбегі жатыр десек, Ақзер Ақылбекқызының шәкірт тәрбиелеудегі талпынысы мен табандылығы атап өтуге тұрарлық. Ол 2012–2013 оқу жылында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің шетел тілі: екі шет тілі мамандығын үздік бітірген. Кейін осы оқу орнында магистратураны тәмамдап, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесіне ие болды. Сондай-ақ, қалалық және облыстық деңгейдегі үштілділік байқауларында да үздік нәтиже көрсетіп, «Тілдарын» байқауының І орын иегері атанған.
2018 жылы Ақзер Сүгіралина Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Zhas Project» бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алып, осы қаржыға ағылшын тілі орталығын ашты. Бүгінде аталмыш орталықта 80-ге жуық бала тұрақты түрде ағылшын тілін үйренуде.
Жергілікті ата-аналар қауымы ұстаз еңбегін ерекше бағалайды. Халықаралық байқауда жеңімпаз атанған шәкірттер туған қаласына үлкен қошеметпен оралды. Шалқар теміржол вокзалында оларды салтанатты түрде қарсы алып, марапаттап, мерейін өсірді.