Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, салынып жатқан мектептердің 45%-ы ауылдық аймақтарда бой көтермек.
Қазақстанда заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді білім беру кеңістігін қалыптастыруды мақсат еткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 206 мың оқушыға арналған 112 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде 45%-ы ауылдық елді мекендерде орналасады, — деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, 2024 жылы жаңа үлгідегі 105 мектеп өз жұмысын бастады. Аталған ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы әрі заманауи стандарттарға сай тегін білім алуға мүмкіндік жасауға бағытталған. Бұл жоба тек мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған.