2023 жылдан бастап еліміздің мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты цифрлық жаңалық пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жүйе әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 5–11 сыныптағы балаларына тегін ыстық тамақтың әділ және ашық түрде берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жүйенің басты артықшылығы — ата-аналардан қағаз құжаттарды жинау қажеттілігінің жойылуы. Қолдау алу құқығы автоматты түрде мемлекеттік дерекқор арқылы анықталады.
«Әлеуметтік әмиян» шешімі мемлекеттік көмекті өздігінен анықтап қана қоймай, оқушының мектеп асханасынан нақты тамақ алғанын тіркеп отыруға мүмкіндік береді.
Жүйенің жұмыс істеу тәртібі:
Цифрлық шешім ретінде «Әлеуметтік әмиян» ата-аналарға ешқандай құжат тапсырмай-ақ, баласының тегін тамаққа құқығы бар екенін хабарлайды. Ата-ана келісім бергеннен кейін отбасыға автоматты түрде цифрлық ваучер жасалады. Бұл ваучер eGov mobile қосымшасы арқылы белсендіріледі.
Мектеп асханасында оқушы QR-код, карта немесе Face ID арқылы сәйкестендіріледі де, тамағын алады. Осы сәтте ата-ананың телефонына баласының тамақтанғаны туралы хабарлама түседі.
Жүйеде кері байланыс мүмкіндігі де қарастырылған — ата-аналар ұсынылған тағамның сапасын бағалай алады. Ай соңында көрсетілген қызметтер негізінде автоматты түрде акт түзіліп, жеткізушілерге тек орындалған қызметтері үшін төлем жасалады.
Бүгінде бұл жүйе 20 мектепте пилоттық режимде сынақтан өтуде — оның 10-ы Астанада, қалған 10-ы Қостанай облысында орналасқан. Пилоттық кезең жүйенің тиімділігін тәжірибе жүзінде бағалауға, қатысушылардан кері байланыс алуға және кеңінен енгізуге дайындық жүргізуге мүмкіндік береді.
Пилоттық кезең қорытындысы бойынша бұл жүйені 1–4 сынып оқушыларына да кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Мұндай қадам оқушыларды тамақтандыру жүйесін толық автоматтандырып, мемлекеттік көмектің әділ әрі ашық болуына жол ашады.
Күтілетін нәтижелер:
-
Әлеуметтік көмектің нағыз мұқтаж жандарға жетуі
-
Қызмет көрсету барысының ашықтығы мен айқындылығы
-
Ата-аналарға баласының тамақтануын бақылау мүмкіндігі
-
Мектеп әкімшілігі үшін процесті жеңілдету
-
Жеткізушілер үшін әділ төлем жүйесінің кепілдігі
Мемлекеттік қолдауды цифрландыру – бұл тек технологиялық жетістік емес. Бұл – көмекті нақты адресатқа жеткізуге бағытталған сенім жүйесінің негізі.