АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен халықаралық инженерлік турнир — FIRST Championship 2025 байқауында Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізіп, рекорд орнатты.
Биыл еліміздің атынан жеті команда қатысып, олардың барлығы да өз деңгейінде жоғары нәтиже көрсетті. Жоғары жас санатында (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы Қазақстан тарихында алғаш рет жарыс финалына өтіп, бірден екі марапатқа ие болды — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.
Осы мектептің тағы бір командасы — CRISTABOL командасы ең беделді марапаттардың бірі саналатын INSPIRE Award жүлдесін жеңіп алды. Бұл марапат техникалық және техникалық емес дағдылардың тамаша үйлесімі үшін беріледі.
Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары робототехника сайысының 258 командасы арасында үздік жиырмалыққа енді.
Орта жас санатында (10–16 жас), яғни FIRST LEGO League Challenge бағытында Астана қаласындағы Skillset мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды.
Ал Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы ынтымақтастық пен бәсекелестікті ұштастырғаны үшін Coopertition Award Winner марапатына ие болды.
Кіші жас санатында (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бағытында Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына лайық деп танылды.
USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов бұл жетістіктерге тоқталып:
— FIRST Global Challenge – жас ерекшелігіне қарай түрлі командалар бақ сынайтын ерекше платформа. Қазақстан бұл додаға небәрі бес жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар елдермен тең дәрежеде бәсекелесіп, нәтижелеріміз жақсарып келеді, — деді.