2525-04-26

Маңғыстау мектептеріндегі асханаларға жоспардан тыс тексеру жүргізілуде

Балалардың мектеп асханаларында жаппай улану деректері тіркелуіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын бастады.

Тексеруге барлығы 72 білім беру мекемесі белгіленген. Қазіргі таңда соның ішінде 14 мектептің асханасы тексерістен өтті. Мектептердегі тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі улану оқиғаларын егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері, сондай-ақ Бас прокуратура өкілдері қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, – делінген министрлік таратқан ресми ақпаратта.

Бұл жұмыс тобына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің мамандары, сондай-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының 7 қызметкері кірді.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Манаш жалпы білім беретін мектебінде 12 оқушының улануына байланысты тергеу басталып, алдын алу шаралары қолға алынды. Бұл оқиға бойынша санитариялық-профилактикалық шешімдер қабылданып, жергілікті әкімдік жанынан арнайы штаб құрылғаны да хабарланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР