2525-04-16

Алматылық оқушылар ғарыштық жобаларымен халықаралық байқауда топ жарды

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі командасы NASA және АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы (National Space Society) ұйымдастырған халықаралық Space Settlement Contest 2025 байқауында жеңіске жетті. Бұл туралы ақпаратты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Биылғы байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысып, өздерінің ғарыштық қоныс жобаларын ұсынды. Олардың ішінде «YURT» жобасымен қатысқан алматылық команда бірінші орынды иеленді. Команда мүшелері — Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Дәулет — Юпитердің орбитасында орналасып, Ганимед пен Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының концепциясын ұсынды.

Станция 30 мың адамға есептелген, жасанды гравитациямен және толықтай өзін-өзі қамтамасыз ететін тіршілік ету жүйелерімен жабдықталған.

Екінші орын да қазақстандық оқушыларға бұйырды. «Икарус» жобасын әзірлеген команда Ганимедтің төменгі орбитасында 45 мың тұрғынға арналған кеңістіктік кешен жобасын қорғады. Команда құрамында: Табылды Асан, Темірбулатов Арман, Інкәрбек Сабыржан, Құзбакова Томирис, Жапаров Мұхидин, Әлішер Бағдәулет, Берік Уәли, Нұрсұлтан Айсұлу, Таиров Арлан және Бақыт Аслан бар. Жетекшілік еткен — 12-сынып оқушысы Әділет Сандықбаев.

Space Settlement Contest — жыл сайын мектеп оқушылары арасында өтетін халықаралық байқау. Ол жас буынның инженерлік қабілетін, ғылыми-креативті ойлауын дамытуды көздейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР