2025 жылдың 13–19 сәуірі аралығында Косовоның астанасы Приштина қаласында өтетін қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) Қазақстанның ұлттық құрамасы бақ сынап жатыр. Бұл жайында Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Зияткерлік додада әлемнің 60 елінен келген 240 үздік оқушы математика бойынша өз білімдерін сынға салуда. Қазақстан намысын төрт дарынды оқушы қорғайды: Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы — Арай Қасенова, Павлодар қаласындағы № 8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы — Юлия Катунина, Алматыдағы № 39 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы — Анар Дидарбекова және Аружан Қайрат.
Айта кетейік, EGMO олимпиадасы алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткізілген. Қазақстан құрамасы бұл халықаралық білім сайысына 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы аралықта еліміздің атынан қатысқан оқушылар 3 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль мен 4 құрмет грамотасына ие болған.