2525-04-13

Ұстазым – мәңгілік шамшырағым

Уақыт – тоқтаусыз өзен. Бірақ адамзат тарихында сарқылмас мәңгілік құндылықтар бар. Олар – білім, парасат, мейірім. Осы асыл қасиеттерді жүрегіне тұмар еткен жан – ұстаз. Ал Қанипа Омарғалиқызы – ұстаздың ұстазы, білімнің шамшырағы, рухтың қайраткері еді.

Мен Қанипа апайдың алдында бар болғаны екі жыл ғана оқушы болдым. Бірақ сол екі жыл – менің бүкіл ғұмырыма азық болған тағылым мектебі. Хан апамды әрдайым мәңгілік ұстазым деп білемін, оның шәкірті болғанымды үлкен мақтаныш санаймын.

Қанипа Омарғалиқызы бізді тек әдебиетке баулыған жоқ, өмірдің өзін үйретті. Ол бізге Абайдың ғақлиясын, Мағжанның асқақ арманын, Мұқағалидың мұңын, Шерханның шыншылдығын санамызға сіңірді. Оның сыныбында әр шәкірт өз ойымен дараланды, пікірін ашық айтты. Қанипа апай бізге: “Шындықты қорықпай сөйле. Ешқашан жалтақтама. Әділеттілік үшін күресе біл!” – деп үнемі қайталап отыратын. Бұл сөздер мен үшін өмірлік қағидаға айналды.

Мен өзімді Қанипа апайдың ең сүйікті шәкіртімін деп ойлайтынмын. Бірақ мектеп бітірген соң түсіндім – ол әрбір шәкіртіне осындай ерекше сезім сыйлай білген екен. Оның жүрегі теңдей бөлінген шексіз махаббатқа толы еді. Әрқайсымыз өзін ерекше сезініп өстік, өмірлік азық болған ұлағат алдық. Біз – оның балалары едік. Біз үшін қуанып, біз үшін алаңдайтын. Біз жетістікке жетсек, балаша шаттанатын, қателік жасасақ, жүрегі ауыратын.

Қанипа апайдың ең басты қасиеті – өз ісіне деген адалдығы еді.

Оның ақыл-кеңесін алуға талай министрлер мен әкімдер келетін. Ал бізге: “Олармен ойларыңды бүкпей бөлісіңдер, тайсалмаңдар!” – деп ақыл айтатын. Сол себепті, бүгінде қандай лауазымды адамның алдында болсақ та, өз ойымызды ашық айтып, артық жалбақтамаймыз. Бұл – тек маған ғана емес, Қанипа апайдың әрбір шәкіртіне сіңірген асыл қасиеттерінің бірі.

Қанипа апайдың аманаты – адалдықпен қызмет ету, білімнің шырағын сөндірмеу, ізгілік пен ұлттық рухты биік ұстау. Бүгінде қай салада жүрсек те, ұстазымыздан алған тағылым – өміріміздің темірқазығы.

Ұлы ұстаздың мейірімі де, тәрбиелік тәсілі де ерекше еді.
“Мына құлақтан күн көрінеді!” – деп еркелеткенде, анамның мейіріміне бөленгендей күй кешетінмін. Қазір балам Елханның құлағынан күн көрінгенде, Қанипа Омарғалиқызының сол мейірімін сағынышпен еске аламын…

Қанипа Бітібаева – тек білімнің ғана емес, қазақ руханиятының шамшырағы. Оның артында қалған еңбектері, жазған кітаптары, зерттеулері – ұлтқа қызмет ететін баға жетпес мұра.

Қанипа Омарғалиқызы – мәңгілік ұстаз. Оның есімі, еңбегі, шәкірттеріне берген шапағаты ешқашан ұмытылмайды. Ұстаздың алдынан өткен әрбір түлек – болашаққа жол нұсқаған шырақшы. Егер біз сол шырақты жаға білсек, ұстазымыздың еңбегі еш кетпегені.

Ұстазымның рухына тағзым етіп, мәңгілік құрметпен еске аламын!

Айтқазы Жомарт Айтқазыұлы
Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары,
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы
мектеп-гимназия-интернатының 59-шы түлегі (2004 ж.)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР