2525-04-13

15 сәуірден бастап күшіне енетін жаңа бұйрық: Педагогтар мен басшыларды тағайындаудың жаңа тәртібі

«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымдарына тағайындау және лауазымдарынан босату қағидаларын бекіту туралы» Білім министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығының жаңа редакциясы 15 сәуірде күшіне енеді.

Жаңа ережеге сәйкес, білім беру ұйымы басшысының лауазымына конкурс өткізу келесі кезеңдерден тұрады:

— бос лауазым пайда болған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялау;

— конкурсқа қатысуға үміткерлерден құжаттарды қабылдау;

— үміткерлердің құжаттарының Үлгілік біліктілік сипаттамаларының талаптарына сәйкестігін тексеру;

— мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу.

Орта білім беру ұйымдарының педагогтарын тағайындау конкурсы «Педагогты жұмысқа қабылдау» модулі (https://hr-nobd.edu.kz/) арқылы электронды түрде өткізіледі. Модуль іске қосылғанға дейін конкурс құжаттары қағаз күйінде қабылданады, ал модуль жұмыс істей бастағаннан кейін порталдағы техникалық ақаулар кезінде де құжаттар қағаз күйінде қабылданады.

Конкурс нәтижелері туралы шешімді үміткерлердің жинаған ұпайларына сәйкес конкурстық комиссия қабылдайды. Ең жоғары ұпай жинаған үміткер конкурс жеңімпазы болып саналады, оған шешім қабылдау үшін 24 сағат уақыт беріледі.

Комиссия құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері (ең алдымен, басқа меңгеруші), тиісті әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, білім беру саласындағы азаматтық қоғам өкілдері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, мұғалімдер кіре алады.

Сонымен қатар, конкурсқа құжат тапсырған үміткердің сыбайлас жемқорлықпен байланысы анықталған жағдайда, ол конкурс рәсімінен кез келген уақытта шеттетілуі мүмкін екені көрсетілген.

Құжатта педагогты және білім беру ұйымы басшысын жұмыстан босату тәртібі Еңбек Кодексінің 49-бабының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8), 9 тармақшаларында көрсетілген тәртіпке сәйкес жүзеге асатыны да атап өтілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР