2525-03-12

Ғылымды дамыту үшін тек мақалалар емес, нақты зерттеулер қажет!

«Scopus», «Web of Science» дерекқорларында индекстелген журналдар ғылымға қандай пайда әкеледі? Жаңалығы жоқ мақала жазу формализм емес пе? Аталған ғылыми журналдарға мақала жариялауды докторанттарға міндеттеп, ол болмаса қорғауға жібермегеннен кім ұтады? Осындай сұрақтар көпшіліктің көкейінде жүргені анық.

Қазір бұл тәсіл докторанттардың дис­сертация қорғауына кедергі болып,  оларды дайындауға бюджеттен бөлінген қомақты қаржы өзін ақтамайды. Үш-төрт жыл білім алып, диссертация­сын жазып бітірген білім алушыға дип­лом берілуі тиіс. Өйткені ол осы уақыт аралығында қажетті білімді игеріп, зерттеу жүргізеді.

Докторант ғылыми жұмысын қорғай алмаса, бұл тек оның ғана кінәсі емес, жалпы біздегі білім беру жүйесінің кемшілігі. Ал «QS World University Rankings», «Times Higher Education» (THE),» Shanghai Ranking» сияқты әлемдегі жетекші оқу орындарының рейтингтерінің алдын бермейтін АҚШ немесе Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында жағдай басқаша. Бұл беделді университеттер докторант­тың мақаласы «Scopus» немесе «Web of Science» дерекқорларында индекстелген журналдарға жариялана ма, жоқ па – оған назар аудармайды. Ең бастысы, докторант білім беру бағдарламасындағы пәндерді толық меңгеріп, диссертация­сын сәтті аяқтаса болғаны. Кейінірек жұмысқа тұратын кезде де ондай ма­қала­сы болмаса да қабылдай береді. Әл­бет­те, мақаласы бар білім алушыда басымдылық болатыны сөзсіз, бірақ жоқ болса, қорғауға шығармау кедергісі жоқ. Әлемдік университеттерде бар осы тиімді тәжірибені елімізге енгізуге ешқандай тосқауыл  жоқ. Скопус талап етпейтін Гарвард пен Кембридж сияқты беделді университеттер қандай да бір қателік жасап отырмағаны белгілі. Біз докторанттарымыз арқылы отандық ғылымды әлемге танытқымыз келеді. Бірақ ғылымға енді араласа бастаған жас ғалымның дәрежесімен елдегі ғылымның әлеуеті өлшенбеу керек.

Әрине, «Scopus» пен «Web of Science» (WoS) дереккөздеріндегі журнал­дардың әлемдегі ғылыми орта­да­ғы маңызы өте жоғары. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл екі плат­форма әлемдік деңгейде зерттеу жұмыстарының сапасын бағалауда кеңінен қолданылады. Аталған басылымдарда жарияланған мақалалар зерттеу нәтижелерінің кеңінен танылуына және ғылыми қауымдастықта мо­йындалуына мүмкіндік береді. Алайда докторанттарымыздың бұл дерек­қорларда жарияланған мақалаларының көбісі кейде нақты ғылыми жаңалық­тардан гөрі, тек «формалық талаптарды орындауға» жазылып жүргені жасы­рын емес. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде, ғылыми зерттеулердің мазмұны емес, оларды жариялау шарттары маңызды болады. Докторанттарға бұл талап үлкен ауыртпалық туғызып отыр. Өйткені ғылыми жұмыстың мәні мен мазмұнына қарағанда, индекстелген журналдарға ма­қала жариялауға ең алдымен көңіл бөлі­неді. Мұндай жағ­дай ғылыми зерттеу­лер­дің сапасын төмендетіп, зерттеу жұмысының мақсат­сыз жүргізілуіне себеп болып отыр.

Бұл өз кезегінде ғылыми нәтижелердің қоғамға тиімділігіне кері әсер етіп, шынайы ғылыми жаңалықтарды жасау мүмкіндігін шектейді. Ал, америкалық немесе британдық университеттерде докторантура бағдарламалары студент­терге ғылыми зерттеу дағдыларын үйре­тіп, ғылымға нақты үлес қосуға негіздел­ген. Мұндай елдерде шынайы зерттеу нәтижелеріне мән беріледі.

«Statista» деректер сайтының ақпараты бойынша 2020–2021 оқу жылында АҚШ-та шамамен 194 059 докторлық диссер­тация қорғалған. Бұл көрсеткіш 2031–2032 оқу жылына қарай артып, 229 601 адам докторлық дәрежеге ие болады деп болжанып отыр. Бұдан жылдан-жылға ғылыммен айналысатындар санының өскенін байқауға болады. Сәйкесінше, сәтті қорғап, ғылымға үлес қосып жат­қан­­­дар да жетерлік. Гарвард сияқты әлем­­­дегі жетекші университеттерді тә­мам­­­дау көрсеткіші әдетте 98 пайыз­ды құ­райды, бұл – америкалық кол­ледж­­­­дер мен университеттердегі ең жоға­­­ры көрсет­кіштердің бірі. Ал Ұлы­­бри­­та­ния­ның «Higher Education» статис­ти­калық агенттігінің мәліметі бойын­ша 2022–2023 жылдары докторантурада 115 705 білім алушы оқыған екен. Ұлы­брита­нияда PhD бағдарламасын аяқта­мау көрсеткіші шамамен 19,5 пайызды құрайды, оның ішінде 16,2 пайыз студент PhD бағдарламасын ерте тастап кетсе, 3,3 пайыз студенттер емтихан тапсыра алмайды. PhD бағдарламасына тіркелген барлық студенттің 80,5 пайызы докторлық дәрежеге ие болады. Білім және ғылым саласында жоғары тұрған бұл екі елде де журналдарға мақалалары шықпай, қорғай алмай қалған бірде бір док­­торант жоқ. Диплом алмай қалу­ларына – өз еркімен оқудан шығуы, емтихан тапсыра алмау немесе жеке басқа да жағдай себеп болуы мүмкін.

Ал біздегі жағдай мүлдем басқаша. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1500-ден астам докторанттың тек 38 пайызы ғана диссертация қорғаған. Олардың тең жарымы ғана ғылыми қызметпен айналысады. Қаражаттың жеткілікті бөлінуіне қарамастан, ғылым докторларын даярлау саласындағы қаржы тиімді пайдала­нылмай отыр. 2011–2022 жылдар аралығында докторантурада 10 276 адам білім алып, олардың 4 497-і ғана диссертация қор­ғаған. Бұл олардың жалпы саны­ның 44 пайызын құрайды. Оқуды аяқта­ған­дардың көпшілігінің қорғамауы, әрине ел экономикасына шығын.

Егер аталған дереккөздердегі журнал­дарға мақала жариялау деген талапты алып тастайтын болсақ, диссертация қорғайтындар саны көбейетіні даусыз. Біздіңше, PhD саны шамадан тыс көбейіп кетеді деп қауіптенудің  қажеті жоқ. Ең бас­тысы, диссертациялық кеңестерде білікті мамандар болуға тиіс. Бұған дейін де бұл журналдарсыз ғалым дайындалып келді. Одан ел ғылымы төмендеген жоқ.

Әрине, алға ілгерілеушілік те жоқ емес. Соңғы уақытта кейбір мамандық­тардан мұндай талап алынып тасталып еді, осы саладағы жас ғалымдардың шығуына жол ашылды. Академиялық оқуын аяқтаған соң қорғап жатқандар бар. Олардың ғылымға қосып жатқан үлесі мардымсыз деп айта алмаймыз. Әлемді мойындатпаса да отандық ғылы­мының өркендеуіне септігін тигізіп жүр.

Қазақстандағы ғылыми жүйеге де осы бағытта өзгерістер мен жаңалықтар енгізілуі тиіс. Турасын айтсақ, диплом мен ғылыми дәрежелер тек формальды түрде жарияланған мақалалардың саны немесе индекстерде жариялануына емес, зерттеу жұмыстарының мазмұны мен сапасына, нақты ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерге негізделуі қажет. Яғни PhD дәрежесін алатын кезде тек ғылыми басылымдарға шыққан мақала емес, докторанттың жүргізген зерттеуінің тереңдігі мен оның қоғамға және ғылымға қосқан нақты үлесі бағаланғаны дұрыс.

Досым БАЙДРАХМАНОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, доцент

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР