Бүгінгі баласына үш қойғаны үшін мұғалімді ұрып жатқан ата-ананың видеосын көрген шығарсыздар. Тым ауыр видео. Құқықтық тұрғыда кемінде бір жылға соттау керек шығар, тек айыппұлмен құтылып кетпеу керек деп ойлаймын.
Бірақ, оқиғаның астарына үңілсек дерт одан да ауыр. Білім саласында 15 жылдық ұстаздық жолымда осы дертке шалдыққан талай ата-ананы емдеумен келемін. Талайының бетін бері қаратсам да, кейбіріне ем қонбады.
Қазір де алысып жүрген ата-аналарым жоқ емес, бар. Әліміз келгенше әрекет жасап келеміз.
Көп жерде сондай ата-аналардың кесірінен және пайыз қуған басшылық пен құзырлы органдар кесірінен оқушылар көтермеленіп бағаланады.
3-4 жыл бұрын алтын белгілердің ҰБТ-дағы жинаған ұпайына қарап таңғалғанмын. 11 мыңға жуық алтын белгі иегерінің 70%-ға жуығы ҰБТ-да 100 балға жете алмаған. Неге? 11 жыл үздік оқыса…
Себеп, әрине бағаның білім көрсеткіші бола алмайтыны, оған субъективті дүиелер көп әсер ететіні.
Қазір де бізге QAZBILIM ұлттық лицейлеріне талай “үздіктер” келеді. Келеді де бағасы түседі. Содан ата-аналарым жетіп келеді, менің баламның білімі түсіп кетті деп ренжиді.
Мен:
– құрметті ата-ана сіздің балаңыздың білімі түсіп кеткен жоқ, бағасы түсіп кетті. Өтірік баға қоя алмаймыз, сізге балаңыздың өтірік бағасы не үшін керек? -деп біраз нәрсені ашып көрсетеміз. Кейбірі түсініп қабылдайды. Кейбірі мүлде түсінгісі келмейді.
Бірақ, баланың дұрыс бағалануы өте маңызды. Әйтпесе, 11 сыныпқа келгенде балаға ауыр болады.
Сондықтан, біз QAZBILIM ұлттық лицейінде ТЖБ-ны сабақ беретін мұғалім жасайды, сабақ беретін мұғалім алмайтын жүйе құрдық. Бірыңғай ТЖБ жүйесін енгізіп, бүкіл 8 қаладағы оқушылар бір уақытта тапсырады.
Бұл сабақ беретін мұғалім өзі алып, өзі бағалайтын қалыптастырушы бағалау, БЖБ бағалаулары мен әдістемелік кәбинет жағынан алынатын ТЖБ бағасының арасындағы алшақтықты зерттеуге қолайлы. Сондай-ақ, бағдарламаның орындалуын нақты сырттай бағалауға да пайдалы.
Бірақ, бұл біраз баланың бағасын түсіреді. Себебі, нақты білімі көрінеді, субъективті көзқарас әсері азаяды.
Бірақ, нақты адал бағалану балаға да, ата-анаға да уақытында ескерту болғандықтан, тырысып, білімін көтеруге мүмкіндік береді. Бәрі 11 сыныпқа келіп, ҰБТ-ға жеткенде айпарадай ашылмайды. Ерте белгілі болады.
Өткенде жекеменшік мектептер өтірік 5 қоя береді деп Бүркіт деген әнші бұрқыратып сұхбат беріп отыр, оны біраз жекеменшік мектепке қарсы жұрт бұрқыратып таратып жатыр.
Жекеменшіктің бәрі ондай емес екенін ескеру керек. Біз секілді жан-жақты талдау жасап, сырттай бақылау орнатып тастағандар бар.
Бірді айтып бірге кеттім бе? Айтпағым.
1. Бүгінде күнделіктегі баға балаңыздың нақты білім дәрежесін көрсетпейді. Балаңыздың тоқсандықтағы бесіне алданып қалмаңыз. Себебі, кейбір қарапайым мектептердің беретін білім сапасы тіпті дарынды балаларға арналған мектептерден жоғары болып жатады. 90 гимназияда қаладағы ең төмен білім сапасын беріп, ең жоғары білім сапасын көрсететін мектептерге қарап шок болғам. Жалған көрсеткіш қуатын қауым көп.
2. Дәл сондай ата-аналар да бар. Тарап жатқан видеодағыдай баласының бағасын мұғалімнің миын жеп, арыз жазам деп қорқытып алатын ата-аналар да көп. Ал баға салыстырмалы, сондай ата-аналардың кесірі басқа балаларға да тиіп жатады.
3. Мектепте бір пәннен ғана 3 немесе бір пәннен ғана 4 шығаруға болмайтын жазылмаған заң бар. Сондай заңдар да баланың жалған бағалануын келтіріп шығады.
4. Әр тоқсан сайын білім сапасы артуы керек дейтін де басшылар бар. Ол да 100 қойдан 120 қозы алатын социалистік жарысқа алып келеді.
Сондықтан, баға ол білімнің көрсеткіші емес. Егер ата-ана болсаңыз, балаңыздың шынайы бағалануына назар аударыңыз. Ұстаз болсаңыз әкімшіліктің немесе ата-ананың ықпалына түспей адал, әділ бағалаңыз. Себебі, ол баланың болашағына әсер етеді.
Аятжан Ахметжанұлы
Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы
Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы