Елімізде 9 жоғары оқу орнында су саласы бойынша мамандар даярланып жатыр. Алайда, биыл бөлінген 618 гранттың тек 297-сі ғана игерілген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
− Президенттің 2024 жылғы 12 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес, Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институты қайта құрылып, оның негізінде «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды. Бұл университет өңірде ерекше мәртебеге ие болып, бас лицензияны алды, − деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Университет Финляндияның оқу орнымен бірлесіп, су саласындағы 4 жаңа білім беру бағдарламасын (Ақылды су, Су қауіпсіздігі, Су ресурстарын кешенді басқару, Экологиялық мониторинг) әзірлеуді бастады.
Сонымен қатар, Қазақ ұлттық су университеті Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен бірге бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастырмақ.
2024 жылдың 8 тамызында Ташкент ауылшаруашылығы ирригациясы мен мелиорациясы университетінің (Өзбекстан) филиалы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ашылды.
− Қазіргі таңда еліміздің 9 жоғары оқу орнында су саласына кадрлар даярлау жұмыстары жүргізілуде. 2024-2025 оқу жылына 618 грант бөлінді. Бірақ бұл сала жастар арасында әлі де қызығушылық тудырмай отыр. Мысалы, өткен жылы бөлінген 618 гранттың тек 48%-ы (297 орын) ғана игерілді, − деді спикер.
Сондай-ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша басым мамандықтар тізбесіне алғаш рет «Су қауіпсіздігі» мамандығы, сондай-ақ «Сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс», «Суды тазарту және су дайындау технологиясы», «Су қауіпсіздігі және су дайындау технологиясы» мамандықтары қосылды.
Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы аясында «Су ресурстары» мамандығы бойынша 21 адам білім алып, оның ішінде 5 адам ғылыми тағылымдамадан өткен.