2525-03-12

Ақтөбе білім бөлімінің басшысы аудиторлық тексеріс кезінде жалған ақпарат ұсынғаны үшін жауапқа тартылды

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Латып Әліби алдымен есепшісін тексеру туралы өтініш білдіріп, кейін бұл шешімінен бас тартты. Алайда тексеру жүргізген аудиторлар есепшінің өзіне артық сыйақы аударып алғанын анықтады.

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысының орынбасары Қият Жұмабаевтың айтуынша, 2021-2024 жылдар аралығында тексеру жүргізілген. Нәтижесінде есепші өзіне 3 млн 585 мың теңге сыйақы мен 136 мың теңге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны артық алғаны анықталды. Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Латып Әліби тексеру барысында аудиторларға екі түрлі құжат ұсынғаны белгілі болды.

  • Аудит кезінде сыйақы төлеу туралы бұйрықтардың қосымшаларының екі нұсқасы сәйкеспеді. Барлығы 14,5 млн теңге сомасында рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Аудитке жалған ақпарат ұсынғаны үшін мекеме басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аудит нәтижесінде есепші 3,7 млн теңге көлеміндегі қаражатты бюджетке қайтарды, – деп мәлімдеді Қият Жұмабаев.

Сот материалдарына сәйкес, Латып Әліби аудиторлық тексерістің өз шағымы негізінде жүргізілгенін және ұсынған құжаттарының екі нұсқада болғанын, бірақ оларды қадағаламағанын мойындаған. Сот шешімімен Латып Әлібиге 258 440 теңге айыппұл салынды.

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, бөлім басшысы электронды қолтаңбаны басқа тұлғаларға беру мүмкін еместігін біле тұра, қателік жасаған.

  • Білім саласындағы бұзушылықтардың басты себебі — ЭЦҚ есепшіге берілген. Бұл мәселе бойынша семинар өткізілді, оған Латып Әліби де қатысты. Біле тұра, осыған жол берген, – деді Сәкен Қасымов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР