Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары туралы өз пікірін білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке қалыптасуы тиіс.
– Бюджет қаражатын үнемдеп, оның ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл үшін тиімді тәсілдерді енгізуді жалғастыру керек. Мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны атап өту қажет. Мемлекеттік тапсырыс енді белгілі бір мекемеге байланысты болмайды. Осылайша ата-аналар өз балаларына балабақша таңдауда толық еркіндік алды. Бұл тәжірибені орта білім беру саласына да енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір балаға білім алуға қолайлы жағдай жасау – мемлекетіміздің басты міндеті, – деді Президент.
Сонымен қатар, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталып, барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатқанын айтты.
– Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұған қоса, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестицияларды тартуды қамтамасыз етуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.