2525-01-30

ҰБТ кезінде ережені бұзған 111 адамның нәтижесі жойылды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қаңтар айында өткен ҰБТ-да тест тапсырған талапкерлердің 70%-ы шекті балды жинаған. Орташа балл 65 болды, ал ең жоғары нәтиже көрсеткен екі оқушы 137 балл жинап, үздік көрсеткіш тіркеген.

Тестілеуге қатысушылардың 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде және 46 адам ағылшын тілінде ҰБТ тапсырған. Талапкерлердің көбісі, яғни 16,9%-ы «Математика-Физика» мен «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдаған, ал 10,3%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясына қатысқан. Ең сирек таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны барлығы 105 адам тапсырған.

Министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін материалдық-техникалық базаны жақсартуға назар аударуда. Осы бағыттағы жұмыс нәтижесінде қаңтар айындағы ҰБТ-ға 203 ерекше қажеттілігі бар талапкер қатысты.

Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция шешімі қабылданған соң сертификат тестіленушінің жеке кабинетіне жіберіледі.

Қазіргі таңда 111 адамның нәтижесі жойылған, оның ішінде 70 талапкер смартфон немесе шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өтуге әрекеттенгені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылса, ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылған. Басқа заң бұзушылар анықталмаған.

Қаңтар айындағы ҰБТ 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтуде. Тестілеуге қатысу үшін 167 мыңға жуық талапкер өтініш білдірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР