СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафинаның айтуынша, облыс мектептерінде 11 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 4 мыңға жуығы мектеп ішіндегі жағдайды бақылауға бағытталған.
— Өңірде 352 мектепте ескерту жүйесі жұмыс істейді. Олардың қатарында террористік тұрғыдан осал 284 нысан да бар. Дабыл түймелері 349 мектепте орнатылған. Ал жедел басқару орталығына 270 білім беру ұйымы қосылған, бұл террористік қауіпке осал нысандардың 82%-ын қамтиды. 99 мектепте мамандандырылған күзет қызметі ұйымдастырылған, — дейді Динара Анафина.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап облыс мектептері мен колледждерінде отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға арналған «111» бірыңғай республикалық байланыс орталығына жедел хабарласуға арналған QR-кодтар енгізілген.
— Өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтың басты мақсаты — балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің психологиялық жағдайын жақсарту және өзекті мәселелерді шешу үшін психологиялық қызметтің бірегей жүйесін құру. Орталықта тәулік бойы «сенім телефоны» арқылы тегін, анонимді психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылған. Көмекке 8 800 080 8150 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Орталық өткен уақыт аралығында 402 адамға, 93 ата-анаға, 241 оқушыға және 68 педагогқа әдістемелік және консультациялық көмек көрсетті, — деп атап өтті Динара Анафина.