2525-01-29

Мектеп түлектерінің аттестатпен бірге белгілі бір кәсіп меңгеруіне жағдай жасау қажет – депутат

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министр Олжас Бектеновке AMANAT партиясы атынан жолдаған сауалында, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру қажеттігіне тоқталған. Депутаттың айтуынша, 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы жұмысшы еңбеккерлерінің қоғамдағы беделін арттыруға зор ықпал етті. Бұл қадам еңбек адамының еліміздегі даму үдерісіне қосар үлесін дәріптеуге бағытталған.

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жаңғырту үшін бірқатар шаралар ұсынылады. Біріншіден, мектепте кәсіпке баулу жүйесін дамыту қажет. Бұл мақсатта AMANAT партиясы өз бағдарламасында 10-11 сынып оқушыларына колледждер базасында жұмысшы мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік берген. Оқушыларға қосымша кәсіби дағдылар беру арқылы еңбек нарығында білікті мамандарды көбейтуге болады.

Екіншіден, техникалық білім беру жүйесі жаңа талаптарға сай жаңартылуы керек. Бұл үшін колледждердегі оқу бағдарламалары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделіп, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге көңіл бөлінуі тиіс. Дуалды оқыту моделін кеңейтіп, өндіріс орындарымен ынтымақтастықты арттыру қажет.

Үшіншіден, колледждердің қаржыландыруын арттырып, оқу жабдықтарын жаңарту керек. Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын өндіріс шеберлерінің жалақысын көбейту, сондай-ақ, колледж педагогтарының еңбекақысын мектеп мұғалімдерімен теңестіру маңызды.

Төртіншіден, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін көтеру үшін ұлттық деңгейде ақпараттық жұмыстарды жүргізіп, үздік мамандарды марапаттау жүйесін енгізу ұсынылады.

Бесінші, жұмысшы мамандықтарының жалақысын жаңа әдіспен есептеп, тұрғын үй мәселесін шешу үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды енгізу қажеттігі айтылған.

Бұл ұсыныстар еліміздегі жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты жақсартуға және техникалық білім беру жүйесін дамытуға ықпал етуі тиіс.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР