Қызылордада мектепте сыныптасын ұрып, оның денсаулығына орташа зиян келтірген оқушының анасына айыппұл салынды.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 3-бөлігі бойынша азаматшаға қатысты іс қаралды.
Оқиға бойынша, оқушы сабақ аяқталғаннан кейін әжетхана ішінде басқа оқушыны жұдырығымен бет тұсынан ұрып, оның денсаулығына орташа зиян келтірген. Азаматша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен толық келіскенін және баласының әрекетіне өкініш білдіргенін айтып, соттан жеңіл жаза қолдануды сұрады. Сот қаулысы бойынша, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 55 мың теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, осыған дейін Қызылордада полицейлер 6 миллион теңге ұрлаған күдіктіні ұстағаны туралы хабарланған еді.