Рухани құндылықтың ең асылы – тіл. Тілі бар жұрт – тірі ұлт, тіршілігі бар ұлт. Келешегін ойлаған жұрт ең алдымен тілін ойлайды. Тілді сақтап қалудың, оны дамытып, байытудың жолы – тілді оқыту. Тілді оқытудың әлемде қалыптасқан бірегей әдістемелік жүйесі жоқ. Болуы да мүмкін емес. Өйткені әр тілдің өзіне ғана тән ерекшелігі, өзгеде болмайтын өзіндік қасиеті бар. Сондықтан оқыту үдерісі де сол өзіндік ерекшеліктерді ескере отырып қалыптасуы керек.
Ана тіліміз, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп заң қабылдап, ата заңға жазып қана отырғанмен тіл көркеймесі анық. Енді оны оқыту мен үйретудің шешу жолын іздеу керек. Осы мақсатта ең алдымен тілді оқытып, үйретудің әдіснамасы негізінде құралдары мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау қажеттілігі туды. Бұған еліміздің ең танымал әдіскер ғалымдары мен педагогтері барынша атсалысты. Түрлі әдістемелік жүйе ұсынылып, бірнеше оқулық пен оқу құралдары жазылды. Олардың кейбірі заман талабына сай қоғамдық сұранысты қал-қадерінше қанағаттандыра алғанымен, көпшілігі тілді оқытып, үйретудің, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретудің барлық талабына сай келмеді.
Сондықтан да мемлекеттік тілді оқытудың жай-күйі еліміздегі өзекті мәселенің бірі. Бұл – қоғамның талабы мен сұранысын ескеруді талап ететін аса шетін мәселеге айналды. Өйткені оқулық жазу бір авторлық топтың немесе арнайы сараптау орталығы мен құзырлы министрліктің ғана емес, тұтас қоғамның көз алдында жүргізілді. Әр оқулық бойынша қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылды. Мектептерде міндетті апробациядан өткізілді. Осындай аса күрделі жұмысқа еліміздегі бірнеше баспа ұжымы белсенді атсалысты. Олардың қатарында кейінгі жылдары білім беру саласындағы сапалы оқулықтарымен танылып жүрген «Көкжиек-Горизонт» баспасы да бар. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева жетекшілік ететін авторлық ұжым жазған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтары осы баспадан жарық көрген.
Профессор Ф.Оразбаеваның жетекшілігімен авторлық ұжым еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ тілін деңгейлік оқытудың тұжырымдамасын, стандартын, оқу бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындады. Ғалым бұған дейін 2007 жылы қазақ тілін үйренгісі келетін ізденушілерге алғаш рет «TOEFL», «DALF\DELF», «ALTE», «IELTS» секілді тілді оқыту мен үйретудің еуропалық стандарттары негізінде қазақ тілінен тілдік білімді бағалаудың әдістемесін көрсететін халықаралық, алты деңгейден тұратын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірледі. Ғалым еуропалық стандартта қамтылған терминдерді қазақ тілінің сөзжасамдық нормасына сәйкестендіріп, қарапайым деңгей (А1 Бастапқы игерім); негізгі деңгей (А2 Қалыптасқан игерім); орта деңгей (В1 Ілгерілей қалыптасқан игерім); ортадан жоғары деңгей (В2 Тереңдетіле қалыптасқан игерім); жоғары деңгей (В2,С1 Еркін игерім); жетік деңгей (В2 + С2+ Еркін және кәсіби игерім) сынды жаңа терминдер жасады. «ҚазТест» жүйесі бойынша дайындалған оқу-әдістемелік кешен мемлекеттік тілді өз бетінше оқып-үйренуге бағытталған 36 кітаптан, 6 электронды оқулықтан тұрады.
Ғалымның жетекшілігімен 2010 жылы еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне арналған қазақ тілінің деңгейлік оқу бағдарламасы (1-11-сыныптарға арналған), 2013–2014 жылдары ҚР БҒМ-ның арнайы тапсырысы бойынша «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді деңгейлік үздіксіз оқытудың стандарты, өзге тілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған 67 аталымнан тұратын бірегей деңгейлік қазақ тілі оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері дайындалды. Бұл кешендер еліміздің 42 мектебінде апробациядан сәтті өтіп, әлеуметтік қоғам сұранысына сай мұғалімдер мен оқушылардың, ата-аналардың талғамы мен талабынан шықты.
Әдіскер-ғалым Ф.Оразбаеваның бастамасымен тіл үйретудің озық үлгісінде дайындалған деңгейлік оқу кешендері бүгінде қазақ тілін үйретуде баламасы жоқ бірегей оқу-әдістеме ретінде танылды. Қазақ тілін деңгейлеп оқытудың инновациялық жолдарын ұстанған авторлық ұжымның басты тұжырымдамасы мына ұғымдарға негізделеді: бірінші – мемлекеттік тілді әр деңгей бойынша кешенді түрде игеруді қамтамасыз ететін кешен; екінші – тілді үйрету мен оқытудағы халықаралық стандарт көрсеткіштері мен өлшемдеріне сай отандық үлгі; үшінші – ұлттық таным-түсінік пен қатысымдық әрекетке негізделген инновациялық оқу кешені; төртінші – заманауи білім трендтері мен технологияларын қамтыған кешен.
Әдіскер-ғалым мұндай қорытындыға бірден келген жоқ. Тілді оқытудың бұрыннан бар халықаралық деңгейдегі стандарттарын, осы салада жақсы нәтижелерге жеткен елдердің тәжірибесін сараптаған. Еліміздегі этностық құрамның табиғатын, олардың тіл үйренудегі табиғи қабілетін қазақ тілінің заңдылықтары мен ерекшеліктері арқылы салыстыра зерделеп, соның нәтижесінде қазақ тілін деңгейлеп оқытудың тұжырымдамасын жасады. Деңгейлік оқытудың инновациялық көрсеткіштері ретінде тілдің идеялық, аталымдық, танымдық, коммуникативтік, қатысымдық функциялары негізге алынды.
Мектепте мемлекеттік тілді оқытудың отандық моделі төрт деңгейге бөлінді. Олар: 1-4 сынып кешені – қарапайым, 5-7 сынып – негізгі, 8-9 сынып – орта, 10-11 сынып – ортадан жоғары деңгей. Соған сай 1-4 сыныптар – «Тілашар», 5-7 сыныптар – «Бойтұмар», 8-9 сыныптар – «Тіл Орда», 10-11 сыныптар – «Алдаспан» деп аталады. Деңгейлерге осындай атау берудің өзінде үлкен мән жатыр. Ғалым ОӘК атауының өзін қазақ халқының дүниетанымы, таным-түсінігі, өмір сүру қалпы және ұлттық философиямен байланыстырады. «Тілашар» бөлімінде оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес тұрмыстық жағдаят аясында қолданылатын қарапайым сөйлеу үлгілері беріліп, қазақ тілінің заңдылықтары атау, терминдерсіз жеңіл түсіндірілсе, «Бойтұмар» бөлігінде бұл деңгейден күрделі сөз қолданыстары мен тілдік бірліктер, грамматикаға қатысты ережелер нақты беріледі. Ал «Тіл-орда», «Алдаспан» бөліктерінде жеңілден қиынға қарай ұстанымы басшылыққа алынып, бірізділікпен күрделене түскен.
Тілді меңгертудің халықаралық және еуропалық стандарттары талаптарына сәйкес әрі еліміздегі білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған кешен әр деңгей бойынша тілдік білім мен қатысымдық білікті ұстаным ретінде басшылыққа алынды. Барлық оқу материалдары коммуникативтік мақсатқа жұмылдырылып берілген, тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім дағдыларына негізделген. Оқу тапсырмалары бір-бірімен логикалық, мазмұндық, деңгейлік тұрғыдан кешенді әрі өзара тығыз сабақтастықта беріліп, әр деңгей бойынша лексикалық минимум нақтыланған. Лексика-грамматикалық минимум ұсынудың да үлкен мәні бар. Оқушылардың дайындық деңгейі, жасына, психологиялық ерекшелігіне, әлеуметтік қоғамдағы жағдаяттарға қатысты аса зәру сөздер мен сөз оралымдары ең бірінші кезекте қамтылған. Мұның өзі білім алушының қазақ тіліне деген ынтасын арттырады.
Еліміздегі білім беру үдерісі жаңартылған білім беру бағдарламасына көшкеннен кейін де Фәузия Шәмсиқызы ғалымдар, әдіскерлер мен педагогтерден құралған авторлық топқа басшылық жасап, «Қазақ тілі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешендерін жазды. Білім бағдарламасында бекітілген білім мазмұнын ұлттық құндылықтармен астастыра құрылымдауды, тілді үйретудің әдістемесін ұлттық ойлау ерекшеліктеріне сәйкес жүйелеуді мақсат еткен авторлық ұжымның еңбегі нәтижелі болды.
Бүгінде кешен авторлары қазақ тілінен басқа тілде оқытатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектепте білім алатын оқушыларға арнап жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша заманауи ОӘК дайындау үстінде. Заман талабына сай қазақ тілін меңгертуді оңтайландыру мақсатында жан-жақты ізденіп, білім беру трендтерін енгізіп, тілді меңгертудің түрлі әдіс-тәсілдерін нәтижелі пайдалану жолын қарастырып отыр. Баспа ұжымымен бірге білім алушылар, мектеп мұғалімдері және ата-аналардың талабы мен сұранысына сай оқулықты жандандыру үшін түрлі ақпараттық ресурстар мен цифрлық платформалармен жұмыс істеу жүйесі іске асты. Заманауи цифрлық білім беру платформасын қалыптастыру мақсатында «Көкжиек-Горизонт» баспасынан шығатын «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарының электронды «Opiq» енгізілді. Мұның өзі баспа мен авторлық ұжымның білімді жандандыру әрі қазақ тілін нәтижелі оқытуға қатысты іргелі жұмыстар жасап жатқанына дәлел болады.
Индира ТҰҚБАТОВА,
«Көкжиек-Горизонт» кітап баспасының директоры