Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептерінде мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін бірқатар жаңа шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, штат санының есептелуі бойынша жаңа нормативтер мен сатып алу үдерісіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатасы хабарлады.
Мемлекеттік аудит НЗМ-да өткен жылдың шілде айында қаржы-шаруашылық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша жүргізілген тексеру барысында бірнеше заң бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, бірақ оқу үдерісіне қатысты болған жоқ.
Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмаларын орындау үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінде мынадай шаралар қабылданды:
— Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бір көзден сатып алу тек қайтадан сатып алу өтпеген жағдайда ғана (яғни тендер арқылы) жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, НЗМ сатып алу шарттары мен орындалу құжаттары ресми веб-порталға жарияланатын болады. Оған қоса, кітаптар мен көркем әдебиеттерді тікелей шарт бойынша сатып алу тәсілі толығымен жойылды;
— Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетімен келісілген НЗМ даму стратегиясы және оның орындалуын бақылау регламенті бекітілді. Бұрын бұл мәселе мемлекеттік органдар тарапынан бақылауда болмаған;
— Ұлттық білім беру дерекқоры «НЗМ» ДБҰ бірыңғай ақпараттық-білім беру жүйесімен интеграцияланды;
— Зияткерлік мектептердегі қызметкерлердің штат санын есептеу бойынша норматив бекітілді;
— Шетелдік педагогтардың лауазымдары «НЗМ» ДБҰ филиалдарының штат кестесіне енгізіліп, олардың қызметін бағалау өлшемшарттары бекітілді;
— Шетелдік мұғалімдерді тарту шығындары қайта қаралды, нақтырақ айтқанда, бір шетелдік педагогтың тұрғын үйді жалға алу алаңының нормалары белгіленді, бөлме саны көрсетілетін болды;
— Филиалдарға күзет қызметтерінің нормалары бекітілді, бұл бекеттердің саны мен жұмыс уақытын айқындайды;
— НЗМ экожүйесіндегі ұйымдар үшін ақпараттық жүйелер мен сервистерді әзірлеуге арналған техникалық тапсырмаларды жасау тәртібі енгізілді;
— НЗМ-ге ақылы негізде оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді, оқушылардың білімін бағалау міндетті рәсімімен нақты өлшемшарттар белгіленді;
— Элективті курстарды аяқтаған оқушылардың нәтижелерін есепке алу журналы дайындалды;
— НЗМ мердігерлері құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 8,5 миллион теңге артық төленген қаражатты өтеді.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы Жоғары аудиторлық палатасының бақылауында болады.
Айта кетейік, былтыр жылдың соңында Олжас Бектенов Назарбаев университеті мен НЗМ Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді.