2525-01-07

Халықаралық олимпиадаларда жүлде алған оқушылар қанша сыйақы алды?

2024 жылы қазақстандық оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен конкурста 563 медаль жеңіп алды. Олардың ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар, бұл әрбір екінші қатысушының жүлдегер атанғанын көрсетеді.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мәліметінше, елімізде бүгінде 7 964 мектеп жұмыс істейді, оларда 3,9 миллионнан астам бала оқып, 408 мың педагог қызмет етуде.

2024 жылы оқушыларымыздың халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері айтарлықтай болды. Қазақстан құрамасы 563 медальмен марапатталды, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар. Бұл өткен жылғы 23 медаль (2 алтын, 11 күміс, 10 қола) ұтып алуымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары нәтиже.

31 қазақстандық оқушы әлемнің ең беделді олимпиадаларына қатысты, соның ішінде математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), лингвистика (IOL), химия (IChO), география (IGeO) және информатика (IOI) пәндерінен 26 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 12 күміс және 12 қола медаль бар.

Қазақстандық оқушылар химия пәні бойынша Халықаралық олимпиадада (IChO) және робототехникадан «First Global Challenge» әлем чемпионатында ең үздік нәтижелерге қол жеткізіп, 190 ел арасынан үш рет әлем чемпионы атанды.

Бұл жетістіктер Мемлекет басшысының дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған бастамаларының нәтижесі. 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы тағайындалған. Биыл 26 оқушы 77,5 млн теңге, ал 24 педагог 6,4 млн теңге сыйақы алады. Өткен жылы 23 оқушы мен 20 педагог 71,4 миллион теңге сыйақы алған еді.

Сонымен қатар, халықаралық олимпиадаларда жетістікке жеткен оқушыларға кез келген қазақстандық жоғары оқу орнына түсуге білім гранты беріледі.

Алтын медаль иегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (5,5 млн теңге), күміс медаль үшін 1000 АЕК (3,7 млн теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1,8 млн теңге) ақшалай сыйақы алады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы беріледі. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогке 26,5 еселенген базалық лауазымдық жалақы, күміс медаль үшін 17,5 еселенген базалық жалақы, қола медаль үшін 8,5 еселенген базалық жалақы мөлшерінде сыйақы беріледі.

Биыл Грекиядағы робототехника бойынша FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем чемпионатында Алматы қаласының НЗМ оқушылары абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл жарыста Қазақстан үшінші жыл қатарынан әлем чемпиондары болып келеді.

Сонымен қатар, АҚШ-тағы FIRST ROBOTICS әлем чемпионатында РФММ оқушылары жоғары марапаттарға ие болды.

Шілде айында Қазақстанда биология пәнінен IBO-2024 Халықаралық олимпиадасы өтті, оған 81 елден 305 жас биолог және 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы 100% медаль жеңіп алып, үлкен жетістікке жетті.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада екінші жыл өткізіліп, ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есе артты, бұл мыңдаған ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР