2424-12-21

Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған II республикалық олимпиаданың қорытындысы шықты

Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі аяқталды. Олимпиадаға Қазақстанның әр аймағынан 450 оқушы қатысты.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, үш күн бойы өткен білім сайысының нәтижесінде 197 оқушы ең жоғары балл жинап, жүлдегер атанды. Оларға 36 алтын, 65 күміс және 96 қола медаль табысталды.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясында Алматы облысының құрама командасы I дәрежелі дипломмен марапатталды. II дәрежелі диплом Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарының командаларына, ал III дәрежелі диплом Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының командаларына берілді.

Жеңімпаздардың арасында 7 оқушы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан ректорлық гранттарға ие болды: 4 грант SDU университетінен, 3 грант Халықаралық Қ.А. Ясауи университетінен ұсынылды.

Республикалық олимпиада биыл 13 пән бойынша үш кезеңде өткізілді. Мектепішілік кезеңге 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынаса, финалдық кезеңге 1 000-ға жуық оқушы өтті. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 450, жаратылыстану-математика бағытында 486 оқушы білім жарысына түсті. Екі бағыт бойынша барлығы 418 жүлдегер анықталды.

Олимпиадаға қатысқан 940 оқушының барлығы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданып, болашақ интеллектуалдық жарыстарға дайындалатын болады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылдың наурызында өтетін республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатыса алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР