Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың басынан бері білім беру саласында бірқатар маңызды өзгерістер болды. Атап айтқанда, дарынды балаларға арналған «Ұлытау дарыны» және аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сонымен қатар, Жезқазғанда Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта 200 орындық жаңа жатақхана бой көтерді.
Бұл жылы қазан айында Ұлытау облысының «Үздік педагогі» конкурсы да өткізілді.
— Конкурсқа 13 үміткер қатысып, 6 ұстаз «Үздік педагог» атағын иеленді. Олардың ішінде Жезқазған қаласының ұстаздары да бар: Абай атындағы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Медет Құрманғазыұлы Джандильдинов, № 1 мектептің информатика пәні мұғалімі Гүлбағила Төлеуқызы Назарымбетова, № 22 мектептің биология пәні мұғалімі Ольга Григорьевна Качур. Бұл ұстаздарды шын жүректен құттықтаймын! — деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.
Жезқазғанда білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жұмыстар жалғасуда. 28 білім беру нысаны (23 мектеп, 4 балабақша, 1 білім бөлімі) жөнделді, соның ішінде Жезқазғанда 1 мектеп (№ 3 мектеп) және 2 спорт алаңы (№ 8 және 22 мектептер) салынды. Оқушылардың қауіпсіздігі мен ыңғайлы болуын қамтамасыз ету үшін 10 шағын автобус сатып алынды, олардың 2-еуі Жезқазған қаласына берілді.
— Жезқазғанда 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін облыста 3 жаңа балабақша ашылады, оның ішінде Жезқазғанда 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады. Келер жылы облыс бойынша 2,7 миллиард теңге жұмсалып, Қаражал мен Жаңаарқа қалаларында 160 орындық екі мектеп, сондай-ақ облыс орталығында 400 орындық Оқушылар сарайының құрылысы басталады, — деп қорытындылады өңір басшысы.