2424-12-21

«Тәуелсіздік» сөзі мен оның ұлт санасындағы орны

 

Тәуелсіздік – әрбір халықтың баға жетпес бақыты әрі байлығы. Қазіргі таңда Қазақстанның жеткен жетістіктерінің барлығы да тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Себебі Қасиетті тәуелсіздік өзімен бірге ой мен істің еркіндігін, рухани бостандықтың дамуын, ұлттық өркениеттің қалыптасуын алып келді. Бұл құндылықтардың әрқайсысы өз алдына күшті әрі аса маңызды. Бір адам үшін жеке басының бостандығы қандай қымбат болса, ұлт үшін тәуелсіздік сондай бағалы. Ал мемлекет үшін тәуелсіздік мерекесінен асқан мереке жоқ, және ол ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Елімізде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң және 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңдарына сәйкес 16-17 желтоқсан Ұлттық мейрам ретінде аталып өтіледі. Бұл күн – сан ғасырлар бойы қазақ халқының күресі мен ерлігі арқасында қол жеткізілген тәуелсіздіктің жемісі. Ол – миллиондаған қазақтың қанымен, көз жасымен суарылған тарихтың тәтті және ащы сәттері бар үлкен бәйтерегі тәрізді дүние. Дегенмен, әр жылы бұл мереке жаңа жылдық іс-шаралардың көлеңкесінде қалып, рухымызды көтеруге мүмкіндік бермей жататыны да жасырын емес. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің бастауы болып табылатын бұл мейрамға деген қатынасымыз кейде дәстүрлі мерекелердің көлеңкесінде қалатын сияқты.

Біз ұлтымыздың еңсесін көтерген бұл мерекенің қадір-қасиетін толықтай сезініп, шынайы түрде атап өтеміз деп айта алмаймын. Өкінішке орай, мерекені тек ән мен күй, әзіл-оспақ кештері, концерттер деп білетіндер де бар. Мұндай таным-түсінік біз үшін және болашағымыз үшін қауіпті болуы мүмкін. Тәуелсіздік – бұл тек уақытша қуаныш немесе көңіл көтеру ғана емес, ол тарихтан сабақ алып, болашаққа жоспар жасаудың, жаңа мақсаттар мен жетістіктерге ұмтылудың бастапқы нүктесі болуы керек. Біз оны жоғары мақсаттарды көздеп, терең ойлармен, болашаққа үлкен жоспарлар құра отырып, атап өтуіміз қажет.

Мен кейде «Тәуелсіздік» мерекесінің толық деңгейде атап өтілмеуінің себептерін түсінуге тырысамын. Мүмкін, ол осы сөздің жиі айтылуынан, көңілге жаттанды болуынан шығар. Тәуелсіздік дегенде, санада ауыр жүк, ұлтсыздықтың өткен тарихы сияқты сезімдер туындайды. Тәуелсіздік сөзінің артында ұлттың азаттық үшін күрескен өткен тарихы мен оның ауыр жолдары жатқандай көрінеді.

Философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, тірі жандардың ешқайсысында шексіз бостандық болмайды. Адамдар да, қоғамдар да белгілі бір шектеулерге бағынады. Бірақ біздің айтпағымыз – саяси, рухани және экономикалық тұрғыдан еркіндік. Тәуелсіздік дегеніміз – тек тәуелділіктен азат болу ғана емес, ол шынайы еркіндікті, өз жолын таңдай білуді білдіреді. Осы тұрғыдан қарағанда, тәуелділік пен тәуелсіздік бір-бірімен тығыз байланысты. Тәуелділік – бұл әлсіздік, шарасыздық, жеңіліс, ал тәуелсіздік – сол жеңілістен, құлдықтан азат болу.

Әрине, мен өз халқымды әлсіз, құлдыққа бейім деп айтқым келмейді. Керісінше, қазақ халқы – әлемдегі ең ақылды, батыр, ержүрек халықтардың бірі. Кең байтақ жеріміз, ерліктеріміз – осының дәлелі. Бірақ бізді тарихи және әлеуметтік себептерге байланысты тұйыққа тіреген шарасыздық, әлсіздік, соңынан жеңіліс пен құлдықты басымызға әкелді. Тәуелсіздік біз үшін осы ауыр жолдан шыққанымызды еске салатын сөзге айналды. Тәуелсіздік дегенде, ұлттың өткенін еске алу, одан сабақ алу, болашаққа батыл қадам басу қажет екенін түсінуіміз керек.

Мысалы, біз жеке адамға қатысты айтсақ, ешкім де өзінің өткен қиындықтарын еске алып, жүрегін жаралағысы келмейді. Ұлт та, қоғам да дәл солай, өткеніндегі ауыр сәттерді қайта-қайта еске түсіруден пайда көрмейді. Жеке тұлға болсын, ұлт болсын, әрқайсысының өз тарихы, бүгіні мен болашағы бар. Сондықтан да біз ұрпаққа тәуелсіздікті сезіндіріп, олардың тәуелділікті ұмыттырып, болашаққа ұмтылуға бағыттауымыз керек. Тәуелсіздік деген сөздің жиі айтылуы бізге тек ауыр естеліктер мен өткеннің қайғысын еске салып қана қоймай, келешекке үміт пен батылдықпен қадам басуды ұмыттырмауы керек.

Осы тұрғыда, басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескерсек, бізге тек тәуелсіздік мерекесін атап өту ғана емес, оны ұлттық рухтың биік символына айналдыру қажет. Өз тарихымызға құрметпен қарап, келешек үшін батыл қадамдар жасауымыз керек. Тәуелсіздікті сезіну – тек сыртқы дүниеге тәуелсіз болу ғана емес, ішкі дүниемізде де бостандықты сезіну. Тәуелсіздікті тойлау – бұл біздің ұлттық мақтанышымызды дәріптеу, ұрпаққа оның құндылығын жеткізу үшін қажет.

Қорыта айтқанда, «тәуелсіздік» деген сөздің өзінен тәуелсіз болар уақыт жетті. Бізге шынайы ұлттық мейрамдар мен жаңа ұғымдар қажет. 16-17 желтоқсан күндерін «Қазақ Республикасының құрылған күні» немесе «Республика күні» деп атап өтуіміз, сол арқылы тәуелсіздік туралы пікірлерімізді жаңартуымыз қажет. Әрбір сөзіміз, әрбір әрекетіміз ұлттық санамызды көтеруге бағытталуы керек. Міне, сол кезде біз шынайы мемлекетшіл халыққа айналып, өз тәуелсіздігімізді шынымен сезінетін боламыз.

Бейсен Қасен

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР