«Жас геолог» олимпиадасының жеңімпаздары еліміздің жетекші үш жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік алады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров мәлімдеді.
— Жерасты кен орындарын барлау жұмыстарының қарқынды жүруіне байланысты геолог мамандарға сұраныс артып отыр. Сонымен қатар, геология мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының түлектері де көбейіп келеді. 2022 жылы тек 1224 маман бітірген болса, 2024 жылы тау-кен ісі және геология мамандығы бойынша 3000-нан астам түлек аяқтады. Сәтбаев техникалық университетінің деректеріне сәйкес, түлектердің 98%-ы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында.
Комитет төрағасы болашақ геолог болғысы келетін оқушылардың олимпиадаға қатысып, ЖОО грантын жеңіп алу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
— Геолог мамандығын насихаттау мақсатында біз «Жас геолог» олимпиадасын ұйымдастырамыз. Олимпиаданың жеңімпаздарына 9 білім гранты табысталатын болады. Әрбір жетекші үш ЖОО үш гранттан тағайындайды, — деді Ерлан Акбаров.
Сонымен қатар, спикер оқушыларды геологияға қызықтыру мақсатында «Жас геолог» корпоративтік қорының жұмыс істейтінін атап өтті.