Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға негізделіп, Арнаулы мемлекеттік қор қаражатымен ел өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет мәлімдеді.
Үкімет Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Мыңадыр стансасында 80 орындық жаңа мектеп салуға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта бұл аймақтағы жалғыз жұмыс істеп тұрған білім ордасы – 1981 жылы салынған, 2000 жылдары қосымша кеңейтілген ғимарат. Мектепте қазір 60 орынға арналған орынға 123 оқушы оқып жатыр. Сонымен қатар, мектепте химия, биология, физика және география пәндеріне арналған зертханалар, спорт залы, шеберхана мен еңбек кабинеттері жоқ.
Жаңа мектептің құрылысы 2025 жылдың I тоқсанында басталады. Жоба іске асқанда, оқушы орындарының саны артып, балаларға білім берудің заманауи талаптарына сай қолайлы жағдай жасалатын болады.
Үкімет бұған дейін де бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл жобалар қатарына Ақмола облысындағы Зеренді ауылындағы спорт кешені, Түркістан облысындағы Темірлан ауылындағы музыка мектебі, Арқалықтағы дарынды спортшы балаларға арналған орталық, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыдағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы, Ақтөбедегі ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында мектеп, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысын аяқтау және Шымкенттегі «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешеніндегі жатақхана құрылысы бар.