Атырау қаласында 1 қыркүйектен бастап лицензиясыз және тиісті рұқсат құжаттарынсыз білім беру қызметін жүргізген жауапкершілігі шектеулі серіктестік анықталды. Бұл жағдайға байланысты Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 463-бабының 1-бөлігі (Лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу) бойынша іс қаралды.
«Білім туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға сәйкес, білім беру қызметін жүзеге асыру үшін лицензия мен рұқсат құжаттары болуы қажет. Алайда, серіктестік 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап лицензиясыз және рұқсатсыз қызметін жалғастырып, 318 оқушыны қабылдағаны белгілі болды. Сот іс-материалдары негізінде серіктестіктің заңсыз әрекеттері расталды.
Сот қаулысымен серіктестікке 64 610 теңге көлемінде айыппұл салынды, бұл айыппұлдың жалпы сомасының 30 пайызы. Сот шешімі заңды күшіне енді.