Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Назарбаев университеті бойынша жүргізілген аудиттің алдын ала нәтижелерін жариялады.
«Аудит барысында бірнеше мәселелер мен кемшіліктер анықталды. Біріншіден, Назарбаев университеті әлі күнге дейін бюджет қаражатына тәуелді болып отыр. Университетті дамытуға арналған стратегиялық құжатта оқу ордасы сыртқы қаржы көздерінен алу арқылы республикалық бюджеттен тәуелсіз болуға тиіс болған. Алайда университет қаржысының 97 пайызы әлі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар, университеттің қаржылық есебін жариялау туралы заңнамалық талаптың болмауы ашықтықтың жеткіліксіздігіне әкелуде», – деді Әлихан Смайылов.
Палата төрағасының айтуынша, университет мемлекет қаражатын тиімді пайдаланып отырған жоқ.
«Аудит нәтижесінде университеттің 73 миллиард теңгені тиімсіз жоспарлап және игергені анықталды. Бұған қоса, жарты миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтар тіркелді», – деп атап өтті Ә.Смайылов.
Сонымен қатар, университеттің стратегиялық серіктестері арасында тауарлар мен қызметтер жеткізетін компаниялардың көптігі байқалды, бұл өз кезегінде тауарлар мен қызметтерді бір көзден алу арқылы конкурстық рәсімдерсіз сатып алуға мүмкіндік туғызған.
Аудиттің қорытындысы университеттің басшылығы мен үкіметке жолданған.