Елордалық оқушылар ақылды роботқа Темірбек деген ат қойған. Бұл робот қазақ тілінде сөйлей алады. Темірбек роботы 74-ші мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушыларының қолымен жасалды және ол оқушыларды сабақ барысында ынталандыруға көмектесетін құрал болып табылады.
- Сабақтан кейін кері байланыс ретінде қолдану да өте тиімді. Роботқа қызығушылық танытушылар көп. Қазіргі таңда Темірбек роботы еліміздің басқа қалаларындағы оқу орындарында студенттермен кездесуде,- деп атап өтті информатика пәнінің мұғалімі Айдана Оңғарбекқызы.
Айдананың айтуынша, Темірбек қазақ тілінде сұрақтарға жауап береді. Қазір дарынды оқушылар роботты басқарудың жаңа жолдарын ойлап табуда.
Сонымен қатар, биыл қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпиондары атанды. Ал жазда ақтаулық оқушы халықаралық робот техникасы жарысында бас жүлдеге ие болған еді.