Балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігінен бөлек олардың дұрыс тамақтануы да еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі. Өскелең ұрпақтың саулығын ойлаудан туған бұл бастаманы жүзеге асыруда ең алдымен сапаға, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мән беру қажет. Баланың мектеп асханасынан қарын тойдырғанын қанағат тұтпай, оның не ішіп, не жеп жүргенін үлкендер де қадағалағаны жөн.
Қаралғаны – 9 млрд теңге
Мектеп баласының тамағынан мемлекет ақша аяп жатқан жоқ. Жыл сайын әр облыс бюджетінен қаржы бөлініп, мектеп асханаларында кәсіпкерлер ыстық ас ұйымдастырып келеді. Мысалы, былтыр Қызылорда облысында бұған 8,7 млрд теңге бөлінсе, биыл қаралғаны 9 млрд. Азық-түлік бағасының көтерілетіні ескеріліп, бұл қаржының жыл сайын 10-12 пайызға өсіп отыратыны тағы бар.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта 87 331 бала, оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын 35 067, бастауыш сыныптардағы 52 264 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Үкіметтің №320 қаулысындағы 15-қосымшаға сәйкес білім беру ұйымдарындағы ас мәзірінің нормалары балалардың жас ерекшелігіне қарай бөлініп, бірреттік тамақтану құны аймақта орта есеппен 580 теңге болып отыр. Білім ошақтары асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша біріңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес төрт апталық мәзір жасалған. Дегенмен, аймақта асханасы жоқ мектептер де бар. Жалпы, облыстағы 297 мектептің 290-ында ыстық ас берілсе, жетеуінде буфеттік құрғақ тамақ ұйымдастырылған. Бұлардың қатарына мектеп-интернаттар кірмейді.
2024-2025 оқу жылында аймақтағы 204 мектепте ыстық тамақ ұйымдастыру үшін 2,4 млрд теңгелік конкурсты облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы өткізді. Осыған дейін тек Астана қаласында қолданылған бұл бастаманың көздегені – білім беру ұйымының басшысы мен кәсіпкер арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау.
Бақылау нәтижесі не көрсетті?
Жалпы, осы бағытта мониторингке қатысқандар мектеп асханасына тұрақты бақылау жасайтын бракераждық комиссияның өз деңгейінде жұмыс істемей отырғандығын айтады. Балаларды тамақпен қамтуды үйлестіру бойынша анықталған олқылықтар да бар. Былтырғы желтоқсан айынан бастап прокуратура ұсынысымен 262 мектеп асханасы жоспардан тыс тексеріліпті. Оның барысында күн сайын ас блогінде аспаздың нақты ас мәзіріне сәйкес дайын астың тәуліктік сынамасын 48 сағатқа толық қалдырмауы, ас дайындайтын кастрюльдерге белгі соғылмауы, ас дайындау цехында қол кептіргіштің жоқтығы, тез бұзылатын тағамдардың және дайын аспаздық өнімдер сапасы жайлы ақпараттың органолептикалық бағалау журналында талапқа сай толтырылмауы секілді кемшіліктер анықталған. Азық-түлік қоймасында тағам өнімдерінің тәртіпке сай сақталмайтындығы да белгілі болыпты. Облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Ерлан Ұзақбаевтың айтуынша санитариялық қағидалар талаптарын бұзғандарға 166 хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
«Бүгінгі күні анықталған бұзушылықтардың барлығы жойылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етіп, тағамнан уланудың алдын алу мақсатында облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары мен Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жұмысшы топтар құрып, оқу жылының басында барлық білім беру ұйымдарында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Біздің департамент пен аумақтық басқармалар мамандары мектептегі асхана қызметкерлері мен мейірбикелер арасында тағамнан уланудың алдын алу, дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, тағамдарды өңдеу, сақтау талаптары бойынша ақпараттық түсіндірме жүргізіп, әдістемелік-тәжірибелік көмектер көрсетілді», дейді департамент басшысының орынбасары.
Облыстық білім басқармасының есебінде биылғы қыркүйек-қазан айларында ведомствоаралық сараптамалық топ өңірдегі 284 мектепті және бір сүзіп шыққаны айтылады. Оның қорытындысында кәсіпкерлер мен мектептердегі бракераждық комиссия жұмысындағы кемшіліктер әлі де қайталанып отырғаны белгілі болыпты. Облыс орталығындағы №187,198,233,268 және 282 мектептерде азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімі көрсетілген тізім болмаған. Тағы 3 білім ошағында кәсіпкерлердің тыйым салынған өнімдерді саудалап келгені анықталған. Тіпті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қорытындысын алмаған мектеп асханалары да аз емес.
Кәсіпкердің көздегені не?
Осыдан сәл бұрын «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мектептерде берілетін ас сапасына байланысты әлеуметтік сауал жүргізіп еді. Қор сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік мектептерде оқитын балалар ата-аналарының тек 53 пайызының ғана білім ошағындағы тамақтандыру сапасына көңілі толатыны белгілі болып отыр. Елдің әр аймағынан 10 мың ата-ана жауап берген сауалнамаға қатысушылардың 20 пайыздан астамы берілетін тамақ мөлшері тым аз деп санайды екен.
Мектептегі тамақ сапасына көңілі толатындардың үлесі мынадай: ата-аналардың 45% мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасын жақсы, ал 8% өте жақсы деп бағалаған. Жиырма бес пайызы қанағаттанарлық деген баға берсе, 10%-ы өте нашар деген.
Балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың 37% ғана тамақ сапасын жақсы депті, бұл көрсеткіш ауыл мектептерінде 60%. Қала мектебінің асханасында берілетін астың сапасын 17% ата-ана «дәмсіз, нәрсіз» десе, мұндай бағаны ауылдық жердегі қанағатшыл әке-шешенің тек 7% ғана беріпті.
Мақаланы дайындау барысында біраз кәсіпкермен хабарластық. Көпшілігінің айтатыны – 565-580 теңге аралығындағы қаржының аздығы. Мектеп асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына өзгеріс енгізілсе дейтіндер де аз емес. Олардың айтуынша, ірі қалаларда бала басына бөлінген қаржы 800 теңгеден асатын көрінеді. Астанада бұдан бөлек коммуналдық шығындар мен тасымалға қосымша қаржы қаралады екен. Ал жергілікті кәсіпкерлер ыстық тамақтан бөлек, ұн өнімдерін пісіріп сатып тапқан қаржысын жұмысшылардың айлығына, коммуналдық шығындарға жұмсап отыр екен. Тексерушілердің тым көптігін айтқандар да кездесті. Бірақ неге екені қайдам, телефон арқылы тілдескенде іркілмегендер осы ойларын баспасөз бетіне шығарудан үзілді-кесілді бас тартты.
Арал ауданындағы бірнеше мектепте ыстық тамақ дайындайтын кәсіпкер Светлана Қалмағамбетова 41 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол асхана жұмысын ұйымдастыру үшін мектептерде бар жағдай жасалғанын айтады.
«Дайындаған асымыз балалардың да, ата-аналардың да көңілінен шығады. Біз үшін елдің бағасы мен ұсыныс-пікірлерінің орны бөлек. Осыдан да жақында қала мектептерінің бірінде ата-аналармен кездесу өткіздік. Онда баланың ас талғамы жөнінде ашық пікірлестік. Барлық талапты сақтап, жұмыс істеп отырмыз. Бағасына келсек, әрине, шама-шарқымызша жеткізуге тырысып жатырмыз. Бірақ баланың күндік жейтін еті мен ішетін сүтінің құнынан қаржының жетіспейтінін білуге болады. Азық-түлікті өзіміз келісімге отырған кәсіпкерлерден аламыз. Балаларды тамақтандыруға бөлінген уақыт өте аз. Соны ұзартса деген тілегіміз бар. Сосын ас мәзіріне сүт пен сүт өнімдері көбірек енгізілсе», дейді кәсіпкер.
Осы қаржыны ұқсата алмай отырмыз
Бұл – еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Шәріпбаевтың пікірі. Мысалы, биылға бөлінген 9 млрд теңгеге облыс аумағында 59 кәсіпкер жұмыс істеп отыр. Бұл бір кәсіпкер бірнеше мектепті қамтып отыр деген сөз. Қаржы аз, кәсіп тиімсіз болса осылай жасар ма еді?
«Тәртіп бойынша тендерден ұтқан кәсіпкер тағы 3 жыл келісім негізінде жұмыс істей алады. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы биылға қаралған ақшадан 2,4 млрд теңгелік конкурсты өткізді. Қалған 6,6 млрды жаңағыдай келісім арқылы кетіп отыр. Былтыр тексергенде солардың көпшілігінен кемшілік байқалған. Акт жасап, келісімді біржақты бұзуға осының өзі жетіп жатыр еді. Менің ойымша, мұның алдын алу үшін ешқандай заңға өзгеріс енгізудің керегі жоқ. Мектеп басшылары, ондағы асханаға тұрақты бақылау жасайтын бракераждық комиссия таза жұмыс істеуі керек. Оны білім басқармасы тұрақты қадағалап отырғаны жөн. Осылай жасаса, бәрі бірден шешімін табады», дейді Дәурен Сақтапбергенұлы.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығының талаптары да сақталмай отырғанын айтады. Онда тамақтанатын оқушы санына байланысты асханада неше аспаздың қызмет көрсететіні нақты белгіленген. Ал бізде тендерге ұсынылған құжаттардан бір адамның бірнеше мектепке «қызмет көрсететінін» байқайсыз. Оның бір мезетте бәріне қалай үлгеріп жүргені ешкімді ойландырып отырған жоқ.
«Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған ас мәзірін өзгертуге болмас. Бірақ соның ішінен баланың тәбетіне қарай дайындауға болады ғой. Мысалы, балалар арасында «WhatsApp» арқылы сауал жүргізіп, соның негізінде бала тәбетіне қарай ас әзірленсе ата-ана тарапынан «балам мектеп тамағын ішпейді» деген арыз да азаяр еді. Осылай еткенде күнделікті оқушы ауыз да тимейтін асты дайындаудан тыйылып, қаржыны да үнемдер едік. Мұның бәрін ұйымдастыру мектеп директорының қолында. Осы мәселеге байланысты отырыстарда облыстық білім басқармасы өкілдері мониторинг қорытындысын тізбелеп шығады, ал шара қолдануға құлықсыз. Тіпті осы бағытта сараптама да жасалмаған. Осының салдарынан талапқа бағынбаған кәсіпкер еш алаңсыз жұмыс істеп отыр», дейді ол.
Бір кәсіпкердің 4-5 мектепке қызмет көрсетуінің қауіпті тұстары да бар. Мысалы, жуырда Маңғыстау облысында жүздеген бала астан уланып, арты үлкен шуға ұласқанын көрдік. Айтқан жерден аулақ, егер осындай жағдай қайталана қалса, тамақтан ұшынғандар қатарында бірнеше білім ошағы оқушылары табылары талассыз.
Бала үшін кім болса да барын беретіні белгілі. Бірақ облыс бюджетінен бөлінген қыруар қаржының әр тиыны есепте болуы керек. Бұл мектеп асханасына дұрыстап мән беретін кездің әлдеқашан жеткенін көрсетеді.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ