2424-12-22

Жоғары оқу орындарының сапасын арттыру: әкімшілік жазалар мен лицензиялау шаралары

Ғылым және жоғары білім министрлігі жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім сапасына байланысты бірқатар кемшіліктерді анықтағанын хабарлады.

— Министрлік сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын қысқарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта тексеру шараларынан профилактикалық шараларға көшу маңызды болып отыр. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында «таза парақтан» басталған жаңа реттеуші саясатқа сәйкес келеді. Тексеру іс-шараларынан профилактикалық шараларға өту, тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру, сондай-ақ тексеру үшін жоғары оқу орындарының тізімін және кестесін адамның қатысуынсыз қалыптастыру 2024 жылдан бастап министрлікке тек проблемалық оқу орындарына назар аударуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Ғылым министрлігі Kazinform агенттігіне берген түсініктемесінде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген «таза парақтан реттеу» саясаты аясында «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесінде автоматты түрде жасалған мемлекеттік бақылау тізіміне сәйкес 13 жоғары оқу орнына қатысты тексеру жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде білім беру қызметіндегі заң бұзушылықтар анықталды.

— Білім беру заңнамасын бұзған жоғары оқу орындарына қатысты кадр даярлау саласындағы 16 бағыт бойынша лицензияға қосымшалардан айырып, әкімшілік айыппұл түрінде жазалау шаралары қабылданды, — деп нақтылады ведомство.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының қызметін тоқтату бағытындағы жұмыстарды бастаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР