2424-12-22

Білім саласындағы жемқорлықпен күрес: Педагогтердің еңбекақысын жымқыру

Бюджетті жоспарлау мен игеру кезеңдерінде педагогтардың еңбекақысын төлеу қорынан қаржы жымқырудың жүйелі түрде орын алғаны анықталды. Бұл жөнінде Антикор білім және ғылым саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өткізілген жиында мәлімделді.

Кеңеске бейнеконференция арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшелері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, әкімдіктердің бөлімшелерінің 10 мыңнан астам лауазымды тұлғалары, мектеп директорлары, бухгалтерлер мен білім беру саласының басқа да қызметкерлері қатысты.

Соңғы үш жылда білім саласына 12,3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жүргізген зерттеулері көрсеткендей, бөлінген қаражат әрқашан өз мақсатына сай жұмсалмаған. 2023 жылдан бері 302 қылмыстық іс қозғалды, олардың залалы 17 миллиард теңгеден асты. Қазіргі таңда 230 адам сотталды, 100-ден астам іс сотта қаралуда. Сондай-ақ, 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Антикордың мәліметінше, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыруды автоматтандыру, бұзушылықтарды бақылау және алдын алу механизмдерінің болмауы, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің үйлесімсіздігі көптеген заңбұзушылықтарға жол берген. Бұл төлем құжаттарын жалған жасауға, «өлі жандарға» жалақы төлеуге, және жалақы мен үстемеақыларды көтеруге мүмкіндік берген. Агенттік енгізген ұсыныстар негізінде бүгінде осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар, Антикордың бастамасымен бухгалтерлік жүйелер мен тәуекелдерді басқару жүйелері, бюджет қаражатын жоспарлау және өтінімдерді қалыптастыру, сондай-ақ қазынашылық органдарында салыстыру және негізсіз төлемдерді бұғаттау үшін бірыңғай техникалық талаптар енгізілуде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР