Журналист Ботагөз Омарова Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қазақстандық мектептердегі мұғалімдерден жиналған қаржы мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Ол министрден бұл қаражаттың қалай жұмсалатыны, оның заңдылығы мен мөлшері туралы нақты ақпарат сұрады.
“Құрметті Бейсембаев Ғани Бектайұлы мүмкін болса, маған бірнеше сұраққа жауап берсеңіз. Қашаннан бастап қазақстандық мұғалімдер сиыр сияқты сауылатын болды? Өз сөзімде негізсіз болмас үшін үш мысал келтірейін, одан кейін жауап берсеңіз екен. Жақында мұғалімдерді «Күнделік» платформасын білу бойынша онлайн-курстан өтуге міндеттеді. Бұл курс жеңіл, 15 сұрақ, мұғалімдер оны сәтті тапсырды. Бірақ министрлік курс аяқтағаны үшін сертификат алуды міндеттеді. Ал сертификат ақылы – 2500 теңге. Сұрақ: қанша мұғалім сертификат сатып алды және ақшалар қайда түсті? Бұл ақшалар қалай пайдаланылды, қайда жіберілді, бұл туралы құзырлы органдардың зерттеуіне тұрарлық мәселе.
Екінші сұрақ. Енді «Темір» деп аталатын жаңа онлайн-платформа пайда болған. Бұл да мұғалімдер туралы мәлімет жинайтын платформа. Сол базаға кіру үшін диплом ұсыну керек. Мұғалімдер дипломды eGov платформасынан жүктейді, бірақ Білім министрлігінен тағы да бір анықтама талап етіледі, ал ол анықтама 36 мың теңге тұрады. Ғани Бектайұлы осындай ойды кім шығарды екен?
Үшінші сұрақ. Сіз жеке өзіңіз мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы төлеуге уәде берген едіңіз. Жұмыс көлемі үлкен, оның ішінде егу туралы есептер, «Күнделік» жүйесін толтыру, үй аралау, қауіпсіздік сабағы және басқа да міндеттер бар. Бірақ осының бәрі үшін мұғалімдерге 10 000 теңге төленеді. Ғани Бектайұлы, сіз таңғы кофеңіз үшін 10 000 теңгенден көп жұмсайсыз деп ойлаймын. Айтыңызшы, өз сөздеріңізді ұмыттыңыз ба? Әлде мұғалімдер уәдеңізді ұмытып кетеді деп үміттенесіз бе?
Білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жалпы мұғалімдер саны шамамен 500 мың. Егер сертификаттар мен анықтамалар үшін төленген ақшаны қоссақ, жалпы сома өте үлкен болады. Ғани Бектайұлы, ақшалар қайда кетіп жатыр?