Алматы қаласында мектептер бір ауысымда оқуға кезең-кезеңімен көшетін болады. 2025 жылы 43 мектеп осы оқу форматына ауысады, деп мәлімдеді қала мәслихаты.
Келесі жылы Алматыда мектептерді сейсмикалық күшейту мен жаңарту жұмыстары жалғаса береді. 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы алдағы сессияда талқыланатын болады.
Жоспар бойынша, үш жылдық бюджетте 216 мектепті, 12 интернатты, 20 колледжді қамтитын 344 мың оқушыға жағдай жасау үшін 250 миллиард теңге бөлінеді.
– Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларын орындау аясында, 2025 жылы үш мектептің сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып, №50 мектеп-лицейі мен Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарында жеті балабақшада күшейту жұмыстары басталады. Сонымен қатар, Зерделі және Шұғыла шағын аудандарында екі мектептің құрылысы аяқталып, 12 мектеп жаңартылады. 2023-2024 жылдары Алматыда 11 мектеп сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеуден өтті, – деп хабарлады мәслихат.
Сондай-ақ, Алматыда 2024 жылы ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24,2 мың оқушыға арналған 14 жаңа мектеп ашылады. Бұл мектептер оқушы орындарының тапшылығын 3-4 мың орынға дейін азайтуға көмектеседі.
– Қабылданған шаралар нәтижесінде Алматыда мектептер бір ауысымда оқыту жүйесіне ауысады. Келесі оқу жылына қарай 200-ден астам мемлекеттік мектептің 43-і бір ауысымды оқу форматына көшеді. Биыл 89 мектепке жаңа үлгідегі 168 пән кабинеті сатып алынып, бұл мектептердің заманауи жабдықталу деңгейін 86,3%-ға жеткізді, – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, 2025 жылы Орбита-3, Алтын-Бесік, Құрамыс, Шұғыла және №10 шағын аудандарында 5 балабақша құрылысын жалғастырып, жаңартуға қаржы бөлінеді. Бұл Мемлекет басшысының 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 97%-ке дейін мектепке дейінгі біліммен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылады.