Мәжіліс дарынды балаларды қолдау саясатын жетілдіру мен мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіру мақсатында жаңа заң жобасын қабылдады.
Құжатты әзірлеген жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов аталған заңда мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын қалыптастыру туралы арнайы норма қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл норма мемлекеттік тілді жасанды интеллект арқылы дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, заң жобасында халықаралық беделді пән олимпиадалары мен ғылыми байқауларда жеңіске жеткен жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы қолдауға қатысты норма енгізілген.
- Біз «Болашақ» бағдарламасының аясын кеңейту ұсынысын айтып отырмыз. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы тек магистратура мен докторантура деңгейіндегі білім алуға мүмкіндік береді. Енді біз оған бакалавриатты қосуды ұсындық. Бірақ бұл мүмкіндік тек дарынды жастарға беріледі, яғни халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда жеңімпаз болған, арнайы тізімге енген тұлғаларға. Олар өз саласында білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде мемлекет есебінен бакалавр дәрежесін алуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, бұл жастар «Болашақ» арқылы бакалавр дәрежесін алғаннан кейін кемінде 3 жыл Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттеледі, – деді Асхат Аймағамбетов.