Еліміздегі 8 мың мектептің 5247-сі ауыл мектептері, бұл жалпы мектептердің 67%-ын құрайды. Оның 51%-ы (2654) шағын жинақты мектептер. Ауыл мектептерінде оқушылардың 40%-ы білім алады. PISA халықаралық зерттеулері ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты анықтағанымен, 2022 жылғы математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша айырмашылық 4-5 баллға дейін қысқарды, оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалды. Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру үшін 2023 жылдан бастап “Ауыл мектебі – сапа алаңы” жобасын іске асырып жатыр. Бұл жоба Алматы облысында 50 мектепті қамтып, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша білім сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Маңғыстау облысында 50 мектепті, оның ішінде 35 ауылдық мектепті қамтитын “Отпан” жобасы басталды.