Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін теріс пайдалану айыбы бойынша сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинап, өз қажеттілігіне жұмсаған.
Іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі бойынша қаралды. Айыптау актісіне сәйкес, Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы мектеп директорының телефонына хабарласып, әріптестерінен ақша жинауды тапсырған. Нәтижесінде 1 500 000 теңге жиналып, бұл қаражатты заңсыз иемденіп, жеке мақсаттарына жұмсаған. Қылмыстық іс сотқа жетпей тұрып, прокурор мен сотталушы арасында процестік келісім жасалған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындаған. Мемлекеттік айыптаушы осы келісімге сәйкес, сотталушыға 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
— Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы мен пробациялық бақылау тағайындалды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Шалқар аудандық сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, биыл жазда Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры Антикор қызметкерлері тарапынан ұсталып, қамауға алынған. Осы оқиғадан кейін тергеу жүргізіліп, іс екі бөлікке бөлінді. Екінші іс мектеп директорының әрекеттеріне қатысты қаралып жатыр.
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында медицина университетінің грантына түсуге уәде берген адам алаяқтық үшін сотталды. Ол үш жылдық жазасын бостандықта өтейді.